Шат күлкі мен эмоция: Павлодарда ашық аспан астында балалар фестивалі өтті

Шат күлкі мен эмоция: Павлодарда ашық аспан астында балалар фестивалі өтті
Фото:pixabay.com/ClickerHappy

500-ден астам балаға арналған шеберлік сағаттар, танымдық ойындар ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қалалық демалыс саябағында ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараны «Жігер» балалар-жасөспірімдер орталығы өткізді.

Шара «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында ашық аспан астында өткен «Bala FEST» шығармашылық фестивалі форматында болды. Фестиваль барысында балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі шығармашылық, танымдық және ойын-сауық бағдарламалар ұсынылды.

Іс-шара бағдарламасы 500-ден астам бала мен қала тұрғындарының қатысуымен өтті және балаларды дамытудың негізгі бағыттарын – шығармашылық, спорт, мәдениет пен әдебиетті қамтыды.

– Қалалық саябақта өткен «Bala FEST» мерекесі балалардың шат күлкісімен, шығармашылығымен және жағымды эмоцияларымен ерекшеленіп, шынайы қуаныш пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Аталған іс-шара қаланың жас тұрғындары мен олардың ата-аналары үшін жарқын әсер қалдырған мерекеге айналды,  –  деп атап өтті шараны ұйымдастырушылар.

Шығармашылық алаңда балалар мольберт пен асфальтта сурет салу, білезіктер, ойыншықтар мен ашық хаттар жасау, сондай-ақ, ұлттық стильдегі гипс бұйымдарын бояу бойынша ұйымдастырылған шеберлік сабақтарына белсенді қатысты.

Балалар әдебиеті көрмесі аясында интерактивті кітап алаңында қазақ халық ертегілері, Қазақстанның классиктері мен заманауи авторларының шығармалары, сондай-ақ, достық, табиғат және отбасы тақырыптарындағы кітаптар ұсынылды. Кішкентай оқырмандар кітап көрмесінің презентациялары мен шығармашылық аймақтарына зор қызығушылық танытты.

«Ұлы дала ойындары» этноалаңында павлодарлықтар Ұлы даланың дәстүрлі ойындарымен танысып, асық ату, бес тас, тоғызқұмалақ және садақ ату сияқты ұлттық ойындарды ойнады. Алаңда киіз үйлер тігіліп, ұлттық ою-өрнектермен безендірілді. Бұл ерекше мәдени атмосфераны қалыптастырды.

Спорттық аймақта «Жігер» орталығының тәрбиеленушілері арасында «Күш, ептілік, рух» ұранымен қазақ күресі және WKF каратэ түрлері бойынша «Жігер CUP» атты ашық біріншілік ұйымдастырылды. Бұл жарыстар балалар мен жастардың спорттық шеберліктерін көрсетуге және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.

«Балалық шақ – жарқын әлем» концерттік бағдарламасымен басты сахнада «Жігер» орталығының вокалдық және би ұжымдары өнер көрсетіп, көрермендерге түрлі-түсті нөмірлерін тарту етті. 

Іс-шара барысында балалар мен ересектер үшін ұйымдастырылған «Батырлар карнавалы» қуыршақ шеруі ерекше қызығушылық тудырып, мерекелік көңіл-күйді одан әрі жандандыра түсті.