Шетелдік жұлдыздар: Павлодарлықтар қала күнін дүркіретіп тойлайды

19 шілде күні барша тұрғындар мен қонақтардың басын қосатын ұмытылмас іс-шаралар өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласының туған күніне орай ауқымды, ерекше мерекелік шаралар жоспарланған. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Таңғы уақыт «Qala run» жүгіру марафонымен басталады. Ал одан кейін мерекелік көңіл-күй қаланың 8 шағын ауданында жалғасады. Тұрғындар үшін концерттер, ойындар мен отбасылық сайыстар өткізіледі.
«Құлагер» ипподромында ауқымды мерекелік шара ұйымдастырылады. Ол жерде бәйге, спорттық жарыстар, қолөнер бұйымдарының көрмелері, ұлттық тағамдар: ыстық палау мен дәмді бауырсақтар болады. Кіру тегін.
– Бұл күн қызықты, жарқын әрі көңілді өтетінін сеніммен айта аламыз. Баршаңызды отбасыңызбен бірге шақырамыз. Қала күнін бірге атап өтейік, – деді әкімдікте.
Қаланың сауда үйлерінде күні бойы мерекелік жеңілдіктер мен акциялар өтеді.
Ал кешкісін «Еrtіs Promenade» сахнасында «Ертіс дауысы», жобасының финалистері өнер көрсетеді. Кейін қазақстандық және шетелдік эстрада жұлдыздары сахнаға шығып, танымал болған әндерін шырқайды. Кеш соңында – жарқын әрі әсерлі отшашу күтіледі.