«Шығыс» кенішінде цифрлық трансформация жүзеге асырылуда

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген цифрлық шешімдер өндірістік қауіпсіздік пен еңбек өнімділігін жаңа деңгейге көтеруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаңа технологиялардың бірі – ауыр жүк көліктерін автоматтандырылған басқару жүйесі. Енді бір оператор үш самосвалды қашықтан басқара алады. Бұл өндірістік қауіпсіздікті арттырып, адам өміріне төнетін қауіп-қатерді азайтады. «ЕЭК» АҚ «Шығыс» кенішінің директоры Юрий Личманның айтуынша, орталықтандырылған цифрлық диспетчерлік орталық құрылды. Ол көмірді ашудан бастап, тұтынушыға жеткізуге дейінгі барлық кезеңді басқарады.
– Сонымен қатар, қауіпсіздік жүйесі де жетілдірілді. Қызметкерлердің қозғалысын бақылау үшін дрондар қолданылады. Экскаваторларға жасанды интеллект арқылы бақыланатын машиналық көру жүйесі енгізілді,– деді ол.
ERG компаниялар тобына кіретін ірі көмір өндіруші кәсіпорындардың бірі – «Шығыс» разрезінде еңбек өнімділігін арттыруға, өндірістік қауіпсіздікті күшейтуге және шығындарды оңтайландыруға бағытталған заманауи цифрлық шешімдер кезең-кезеңімен енгізілуде.
Геоақпараттық жүйе (ГАЖ) – кен орнының цифрлық моделі құрылып, ресурстарды тиімді басқаруға мүмкіндік береді, онлайн-мониторинг – техника қозғалысы мен өнімділігі нақты уақыт режимінде бақыланады, машиналық көру жүйесі – экскаваторлардың тістері жасанды интеллект арқылы қадағаланады, кез келген штаттан тыс жағдай орын алған жағдайда машинистке дереу хабар беріледі. Мұндай шешімдер өндірістің ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, ең бастысы, жұмысшылардың қауіпсіздігін арттырады.
– Бұл – тек біздің кәсіпорын үшін емес, бүкіл Қазақстан өнеркәсібінің дамуына қосылған үлес. Жаңа технологиялар ERG-дің өзге кәсіпорындарына да енгізілмек. Біз елдің тау-кен металлургия саласындағы технологиялық көшбасшысы мәртебесін сақтаймыз, – деді Юрий Личман.
Цифрландыру нәтижесінде кәсіпорын дамыған елдердің өндірістік стандарттарына жақындап, Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосып отыр.