Шомылдырғысы келген: Екібастұзда үш жасар бала күйік салдарынан қайтыс болды
Денесінің 40%-ын күйік шалған, деп хабарлайды@Pavlodarnews.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 30 қазанда 02:25-те қайнаған судан күйік шалу туралы хабарлама түсті. Дәрігерлер оқиға орнына алты минутта жетті.
– Термиялық күйік шалған үш жасар қыз бала қайтыс болған. Денесінің 40%-ын күйік шалғаны анықталды, – деді басқармада.
Анасының айтуынша, 29 қазанда сағат 14:00-де тоғыз жасар қызы үш жастағы сіңлісін шомылдырғысы келген. Абайсызда қайнап тұрған суы бар легенді қолынан түсіріп, балаға су шашылған. Күндіз балалар әжесі мен атасының қарауында болған. Ешкім медициналық көмекке жүгінбеген. Анасы бұл жағдай туралы кешкі уақытта біліп, бірден жедел жәрдем шақырған.
Ағымдағы жылдың тоғыз айында 537 бала күйікпен облыстық балалар ауруханасына жүгінген. Дәрігерлер қайнаған сумен күйік алған жағдайда суық ағынды сумен немесе дененің зақымдалған бөлігін суық суға малынған сүлгімен орау арқылы салқындату керектігін ескертеді. Сондай-ақ, тамақ пісіру кезінде балаларды көзден таса қылмауға кеңес береді.