Скандинав жүрісіне әуес павлодарлықтар көбейіп келеді

Скандинав жүрісіне әуес павлодарлықтар көбейіп келеді
Фото: автор

Скандинав жүрісі зейнеткерлерге арналған спорт емес. Павлодарлықтар бұл стереоптиптерді жоюда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Биыл «Денсаулыққа жол» скандинав жүрісі клубына он жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында әуесқой спортшылар белсенді әрі ұйымшыл командаға айналды. 

Клуб жетекшісі Ольга Николашинаның айтуынша, команданың құрылу тарихы қарапайым таяқшалардан басталған.

– Он жыл бұрын біз фин-угор этномәдени орталығын аштық. Омбыдағы әріптестерімізге сапар барысында тәжірибе алмастық, сонымен қатар скандинавиялық жүріске арналған таяқтар жиынтығын сыйлыққа алдық. Бәрі сол таяқшадан басталды. Кейін Алматыда сандинав жүрісі бойынша білім алған павлодарлық азаматпен танысып, оның көмегімен техниканы меңгердік. Сол сәттен бастап жаттығуларға шыға бастадық, – дейді Ольга Николашина.

Әдетте жаттығулар Усолка шаңғы базасында өтеді. Дегенмен, Ертіс өзені арнасынан шыққандықтан, спортшылар уақытша орталық жағажайды «паналап» жүр.

Ольга Николашина скандинав жүрісіне қызыққаны соншалық, Санкт-Петербургтегі  спорт мектебінің курстарынан өткен. Енді жинаған тәжірибесін қатарластарымен бөлісіп жүр. 

–  Бұл спорт тек зейнеткерлерге арналған деп ойлайтынмын. Алайда, скандинав жүрісі – әлем чемпионаттары өткізілетін толыққанды спорт түрі. Және де жас талғамайды. Біз бұл туралы неғұрлым ертерек айта бастасақ, соғұрлым қатарластарымыздың саны арта бермек. Бұл белсенді ұзақ өмір сүрудің кепілі. Мен бұған тәжірибе арқылы көз жеткіздім, – дейді нұсқаушы.

Он жыл ішінде салауатты өмір салтын ұстануды әдетке айналдырған спортшылардың берік командасы қалыптасты. Оларды байланыстыратын бір дүние, ол – қозғалысқа деген сүйіспеншілік.  Қазіргі уақытта клубта  34 белсенді мүше бар. Олардың ең «жасы» 84-тегі әйел. Ал орташа жасы – 61+.

Валентина Ермоленко бала кезден спортқа құштар. Ал скандинав жүрісіне алғашқы жаттығуда-ақ ғашық. Кезінде кәсіби гимнастшы болған зейнеткер соңғы жылдары қос таяқпен қоштаспай жүр. Сонымен қатар, өмір бойы өзен шаруашылығы саласында еңбек еткен.

– Студенттік кезімде спорттық жарыстарға қатыстым. Сонымен қатар, мұздай суға түсуді әдетке айналдырдым. Спорт жасқа қарамайды. Егер белсенді қозғалыс өміріміздің ажырамас бөлігіне айналса, әрдайым сергек боламыз. Міне, сергек әрі өмірге құштар жандардың ортасынан табылғаныма қуаныштымын, – дейді Валентина Ермоленко.

Жаяу жүрушілер аптасына үш рет жаттығады. Әр кездесу денені қыздырудан басталады. Олар үшін жаяу жүрі спорт емес, бұл берік достықтың кепілі.

– Клубқа келген әр адамның өз тарихы бар. Бірі онкологиялық аурудан емделіп шығып, ағзасын қалыпқа келтіреді. Бірі қолдау іздеп келеді. Біз осы уақыт аралығында спортшылар командасы ғана емес, нағыз отбасыға айналып үлгердік. Көмек керек болса, бір бірімізге қолдау білдіреміз. Арамызда 70-тен асқан аталар бар. Жаттығу кезіндегі жүрісіне қарасаң, зейнеткер деп айтуға аузың бармайды. Қыста шаңғы тепсе, жазда таяқшалармен жүреді, – дейді Ольга Николашина.

Қазіргі уақытта жүргіншілер Усолка шаңғы базасының кебуін асыға күтуде. Бірақ, жаттығулар бір сәтке де тоқтамайды.