Снежанна Имашева: Конституцияның Преамбуласы – Негізгі заңның идеялық-моральдік өзегі
Конституциялық комиссияның екінші отырысында ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстарды кезең-кезеңмен талқылау басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі Конституциялық реформа 2026 telegram-каналына сілтеме жасап.
Отырыстың барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева бірінші отырыс қорытындысы бойынша дайындалған салыстырмалы кестені таныстырып, Преамбула мен 1-39 баптарды жүйелі түрде қарауды ұсынды.
Ұсынылған өзгертулер конституциялық құрылымның негіздерін нақтылау және нығайтуға, нормалардың құқықтық анықтығын арттыруға, сондай-ақ құқық қорғау механизмдерін күшейтуге бағытталғаны айтылды. Арнайы назар Преамбуланың мән-мағынасына және қазіргі әлеуметтік үрдістерді ескере отырып, конституциялық нормаларды жаңарту қажеттілігіне аударылды.
– Конституцияның Преамбуласы – бұл тек кіріспе емес, Негізгі заңның идеялық-моральдік өзегі, мақсатты айқындайтын және мемлекеттің даму бағытын белгілейтін негізгі бағдар, – деді Снежанна Имашева.
Одан кейінгі талқылау Конституцияның бірінші және екінші бөлімдеріндегі нормаларға қатысты болды, соның ішінде құқықтық және зайырлы мемлекет принциптерін бекіту, адам қадір-құқығын, өмір сүру құқығын, жеке еркіндік пен тұлғаның қауіпсіздігін қорғау, сондай-ақ жеке өмір мен жеке деректерді қорғау мәселелері қаралды. Сонымен қатар конституциялық принциптердің нормативтік мәртебесін күшейту және олардың практикалық қолданылуын қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар талқыланды.
– Ұсынылып отырған өзгерістер конституциялық нормалардың қолданылу тиімділігін арттыруға және олардың түсіндірілуіне біртұтас тәсіл қалыптастыруға бағытталған, – деп айтылды отырыс барысында.
Сонымен қатар, адами капиталды, білім беруді, ғылым мен мәдениетті дамыту, әлеуметтік кепілдіктерді күшейту, қоршаған ортаны қорғау және отбасының құқықтарын сақтау сияқты бастамалар қаралды. Ұсыныстарды қарау кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады және Конституциялық комиссияның келесі отырыстарында жалғасады.