Спорт күні: Павлодарда танымал әншілер өнер көрсетті

Спорт күні: Павлодарда танымал әншілер өнер көрсетті
Фото: Есенжол Исабек

Ertis Promenade сахнасында спорт күніне орай «Спорт - сенің серігің» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аталмыш іс-шараға Қазақстанның эстрада жұлдыздары келіп, өнер көрсетті. Концерттің басын әнші Қазыбек Құрайыш ашты. Ол өзінің репертуарындағы «Алыстама», «Махаббат деген», «Көркемім» сынды әндерін шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Ондан бөлек, концертте ағайында Ерболат пен Еркін Құдайбергеновтер өнер көрсетті. Олар халыққа танымал «Мен қазақпын», «Бойжеткен», «Жігіттер» және әлеуметтік желіде араға біршама уақыт салып, қайта танымалдылыққа енген «Ләззат алауы» әнін шырқады.

Сонымен қатар, танымал домбырашы Ақтоты Болышова, павлодарлық әншілер – Aman, Серік Рысбек, Нұрқуат Садығазин, Самиян тобы өнер көрсетті.

– Осы шара аясында бүгін күні бойы спорттық шаралар өтті. Бұл шаралардың соңы жағажайдағы сахнамызда мерекелік концертпен аяқталуда. Шараны павлодарлықтарға Қазақстан Республикасы президентінің телерадио кешені мен «Jibek joly» телеарнасы тарту етіп отыр. Шараның басты мақсаты – бұқаралық спортты тұғындардың арасында кеңінен насихаттау, –  дейді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова.

Павлодар облысы спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Дәуір Ерғабұлов өңірімізде спорт қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

–Бүгінгі таңда Павлодар облысында спорт қарқынды дамып келе жатыр. Облысымызда жаңа спорттық кешендер салынып, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Осыған орай өңірімізден жаңа чемпиондар шығып, еліміздің, облысымыздың атын әлемге танытуда. Баршаңызды спорт күнімен құттықтаймын, –дейді Дәуір Ерғабұлов.

Айта кету керек, облысымызда 280 мыңнан астам тұрғын дене шынықтырумен және спорпен айналысады. Олардың 90 мыңға жуығы - ауылдық жерлерден.

Ағымдағы жылы спортшыларымыз барлығы 1876 жүлде жеңіп алды. Облыс аумағында 28 республикалық, 4 халықаралық жарыс ұйымдастырылды.