Су мен жол: Баянауыл ауданында не өзгерді?

Су мен жол: Баянауыл ауданында не өзгерді?
Фото Константина Шелкова

Биыл ірі жобалар жүзеге асырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудан әкімі Ардақ Кісентаевтың айтуынша, халықтың сумен жабдықтау қызметтеріне қол жетімділігі 97,6 пайызды құрайды.

Биыл сумен жабдықтау бойынша үш жоба жүзеге асырылды. Жүсіпбек Аймауытов, Шонай және Шоманкөл ауылдарында су құбырының құрылысы жүргізіліп, жұмыстар аяқталуда. Аймауытов елді мекенінде құбыр тарту жұмыстары аяқталды. Техникалық құжаттары дайын, дейді Ардақ Кісентаев.

Қазіргі уақытта ауданның 38 ауылының 22-де орталықтандырылған сумен жабдықтау көздері, 13-де кешенді блок модуль қолданыста.

Жол салу бойынша 14 жобаны жүзеге асыруға 3 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Бүгінгі күні жобалар аяқталды. Мәселен, Майкөбе, Шөптікөл Сұлужол ауылдарының кіреберіс жолдары толық асфальтталды. Ал Теңдік, Ұзынбұлақ, Қаражар, Жұмат Шанин елді мекендерінен аудан орталығына апаратын жолдарға асфальт төселді. Жалпы 13 ауылдық округ болатын болса, 12 ауылдық округ сапалы жолмен байланыстырылды. Бүгінгі күні Қаратомар ауылдық округінде 40 шақырымдық жерде асфальт жоқ. Оның құрылысына 200 миллион теңге бөлініп, жұмыстар биыл басталды, дейді Ардақ Кісентаев.

Сонымен қатар, бес елді мекенде барлығы 20 шақырымдық ішкі жолдар күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуден өтті. Аудандық және ауылішілік маңызы бар жолдардың 100 шақырымнан астамы биыл асфальтталды.