Су тасқыны: Павлодар облысында жағдай тұрақтандырылды
Бүгінгі күні облыс бойынша су басу қаупі бар жолдар жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
- Кеше, 7 сәуір күні республикалық маңызы бар Атамекен-Ертіс-Русская поляна автожолындағы 258 шақырымдағы су шайған жол өткелін қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Бүгінгі күні облыс бойынша су басу қаупі бар жолдар жоқ. Су тасқынына қарсы жұмыстар жүріп жатқан елді мекендерде 3 учаске бақылауда. Олар - Ақтоғай, Тереңкөл, Шарбақты аудандарында бір ауылдан (Жалаулы; Первомайск; Красиловка), - деді аймақ басшысы.
Асайын Байханов 8 сәуір сағат 13:00-дегі жағдай бойынша аймақта су басқан үйлердің жоқтығын атап өтті.
- Су тасқыны орын алған кезде облыс бойынша барлығы 38 үй су астында қалған болатын. Оның 14-і Ақтоғай ауданында, 5-еуі Успен ауданында болса, Аққулыда бір үй, Ертісте 15, Шарбақтыда 3 үй тіркелген. Су тасқыны басталғаннан бері тұрғындар туыстарының баспанасына орналастырылды, - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, су тасқыны кезеңінің басынан бастап ветеринария басқармасының аумақтық бөлімшелерімен, ЖАО және тұрғындармен бірлесіп 398 бас үй жануарлары қауіпсіз жерге жіберілді.
Облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларды жүр гізуге238 адам, 109 бірлік техника, 13 мотопомпалар жұмылдырылды.
- ТЖД және жергілікті билік органдарының күшімен 651 мың текше метрден астам еріген қар суы сорылып, 21 140 дана қап тұм төселіп, 4 560 тонна инертті метариал құйылды. Тәулік бойы жұмыс істейтін жедел штаб құрылды. Төтенше жағдайға байланысты барлық мәселелер менің тұрақты бақылауымда, - деді Асайын Қуандықұлы.
Кеше 2 сәуірде енгізілген Ақтоғай ауданындағы Жалаулы ауылында жарияланған ТЖ режимі алынды.
- Ауылдың ойпатында орналасқан және су басуға жүйелі түрде ұшыраған үйлердің осы мәселесін кешенді шешу үшін сыйымдылығы 200 мың текше метр болатын 3 жаңа шұңқыр қазылды. Бұл болашақта ауылдың су басу қаупін кешенді түрде шешуге мүмкіндік береді. Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылында ТЖ жарияланған күннен бастап тәулік бойы 12 бірлік ауыр техникамен қазаншұңқырларды орнату жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үйлерді су басу қаупі толығымен жойылды, жағдай тұрақтандырылды, - деді аймақ басшысы.
Бұдан бөлек, су тасқыны кезінде зардап шеккен барлық тұрғынға жан-жақты көмек көрсетіледі. Арнайы комиссия келтірілген залалды бағалап, оның қорытындысы 10 сәуірге дейін дайын болатынын атап өтті.
- Осылайша зардап шеккендерге бюджеттен тыс қорлардан өтемақы төленеді. Тағы да айта кетейін, су тасқыны кезінде зардап шеккен жандар назардан тыс қалмайды. Бүгінде облыстың басқа аудандарында бюджеттен тыс қаражаттан 38 млн теңгеге су тасқынынан мүлкі зардап шеккен 71 адам өтемақы алды, - деді брифингте.
Брифинг барысында Асайын Байханов су тасқынына қарсы қызмет атқарып жүрген төтенше жағдай, полиция қызметкерлеріне, ел тұрғындарына және еріктілерге алғысын білдірді.