Су жинақтағыш, тоғыз жаңбырлатқыш: Шарбақтыда ірі агрожоба жүзеге асуда

Су жинақтағыш, тоғыз жаңбырлатқыш: Шарбақтыда ірі агрожоба жүзеге асуда
Суретті түсірген: Амира Жартекей

Асайын Байханов суармалы егіншілікке арналған су жинақтағыш құрылысының барысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жобаның жалпы құны 2 млрд теңгені құрайтын бұл жобаның жетекшісі Сергей Белявский. Оның айтуынша, су жинақтағыш 619 гектар алқапты суармалы жерге айналдыруға мүмкіндік береді.

– Су жинақтағыштың сыйымдылығы 320 мың текше метр болады. Сонымен қатар, тоғыз жаңбырлатып суару қондырғысы орнатылып, төрт ұңғыма бұрғыланады. Екі сорғы станциясы қарастырылған. Алғашқы жылы 300 гектар жерге егін егуді жоспарлап отырмыз. Оның 200 гектарына сәбіз, 100 гектарына картоп отырғызылады. Нәтижесінде 10 мың тонна сәбіз және 5 мың тонна картоп жинауды көздеп отырмыз, – деді Сергей Белявский.

Нысанды аралау барысында облыс әкімі су жинақтағыштың көлемі, ұңғымалардың су өнімділігі және суару жүйесінің мүмкіндіктері туралы сұрады. Сондай-ақ қажетті инфрақұрылымды уақытылы дайындау мәселесіне назар аударды.

– Көкөніс өсірумен қатар, оны сақтайтын қойманың болуы да маңызды. Әсіресе, картопты сақтау мәселесін алдын ала қарастыру қажет. Жоспарланған өнім көлемін ескерсек, сақтау инфрақұрылымын да қатар дамыту керек, – деді аймақ басшысы.

Жоба жетекшісінің айтуынша, биыл су жинақтағыштың құрылыс жұмыстары жалғасып, алдағы көктемде егіс науқанын бастау жоспарланған. Қажетті техниканың бір бөлігі шаруашылықта бар, қалған жабдықтар қыс мезгілінде сатып алынбақ. Ал көкөніс сақтау қоймасын салу келесі кезеңге жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, облыс әкімі Шарбақтыға жұмыс сапары барысында балаларға арналған жаңа футбол манежінің ашылуына қатысты. Спорт кешені өскелең ұрпақтың жыл бойы жаттығуына мүмкіндік береді.