Тұрғындарға су үздіксіз беріледі: Павлодарда су сорғы станциясы жаңғыртылды

Тұрғындарға су үздіксіз беріледі: Павлодарда су сорғы станциясы жаңғыртылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жаңартылған нысанды бүгін облыстық және қалалық мәслихат депутаттары жұмыс сапары барысында қарап шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда 1-көтерілімдегі су сорғы станциясында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. «Павлодар-Водоканал» ЖШС қала тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін жаңа жоғары өнімді сорғы қондырғыларын сатып алды.

Жаңа сорғылардың қуаттылығы бұрынғы жабдықтарға қарағанда 1,5 есе жоғары. Бір қондырғы қаланы ауызсумен және техникалық сумен толық қамтамасыз ете алады. Қазіргі уақытта бір сорғы іске қосылған, ал екіншісін орнату жұмыстары жақын арада басталады. Сонымен қатар, электр жабдықтарының релелік қорғанысы жаңартылып, бұл жұмысқа үздік мамандар тартылды.

Кәсіпорын тек техникалық жаңғыртумен ғана шектелмей, қызметкерлердің еңбек жағдайын да жақсартуда. Станция ғимараттарында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шатыры ауыстырылды, заманауи желдету жүйесі орнатылды. Сондай-ақ оператор бөлмелері мен тұрмыстық бөлмелерге жаңа жиһаздар қойылып, қызметкерлерге қажетті тұрмыстық техника сатып алынды.

Жұмыс сапары барысында депутаттар сорғы станциясының жаңғыртылған жабдықтарын оң бағалап, инфрақұрылымды дамыту маңызды екенін атап өтті. Өз кезегінде «Павлодар-Водоканал» ЖШС-нің басшысы Георг Шпейзер алдағы уақытта да қаладағы сумен жабдықтау жүйесін жаңарту жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Павлодар Водоканал (@pavlodar_vodokanal)