Талант, музыка және өнер: Павлодарда «Zhastar Fest» кастингі басталады

Талант, музыка және өнер: Павлодарда «Zhastar Fest» кастингі басталады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Фестиваль 12 тамызда Халықаралық жастар күніне орай өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шара өңірдің дарынды жастарын біріктіру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Кастингке 14-35 жас аралығындағы талантты жастар қатыса алады.

– Біз би қойылымының жалпы композициясына қараймыз, номердің тұтастығын бағалаймыз. Қатысушыларға нақты қойылатын шектеулер жоқ. Бастысы – жастар авторлық, жеке әндері немесе танымал әндерге жасаған каверлерін ұсыну керек, – деді креативті жастармен жұмыс істеу орталығының жетекшісі Сәнім Уалинова.

Ertis Promenade сахнасында қазақстандық эстрада жұлдыздарымен бірге жас орындаушылар өнер көрсетеді. Бұл жас таланттар үшін мүмкіндіктер алаңына айналады. 

Қала тұрғындары мен қонақтары заманауи және дәстүрлі би түрлерін, жастар мәдениетінің алуан түрлілігін паш ететін музыканың куәгері болады.

Сонымен қатар, фестивальде жас суретшілердің картиналары, фотосуреттер мен дизайнерлік жұмыстардың көрмелері өтеді. 

Кастинг 1 тамыз күні Ломов көшесі, 38 мекенжайы бойынша жастар бастамаларын дамыту орталығында өтеді.

Ислам Достов