«Тасымалдаушы» акциясы: Павлодарда таксистер мен тасымалдаушылар ережені жиі бұзады
Рейд басталған алғашқы екі күннің ішінде 500-ден астам бұзушылық анықталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының аумағында «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Рейдтің негізгі мақсаты – жеке тұлғалардың заңсыз жолаушылар мен багаж тасымалдауының жолын кесу, сондай-ақ жолаушылар тасымалы саласына бақылауды күшейту.
Екі тәулік ішінде полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 554 дерегін анықтады. Айта кету керек, такси және қоғамдық көлік жүргізушілері көп жағдайда жол қозғалысы ережелерінің қарапайым талаптарын сақтамайды.
– Атап айтқанда, 134 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаған, 106 жүргізуші көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон пайдаланған, 32 тасымалдаушы жолаушыларды тасымалдау талаптарын бұзған, 23 жүргізуші көлік құралын заңсыз қайта жабдықтаған, ал 8 жүргізуші қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шыққан, – дейд Павлодар облыстық полиция департаментіндегілер.
Мәселен, Екібастұз қаласында Сәтбаев көшесінде «Audi» маркалы автокөліктің жүргізушісі мемлекеттік кірістер органдарында тиісті хабарлама бермей, жеке тасымалдау қызметін жүзеге асырғаны анықталды. Осы дерек бойынша оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Сондай-ақ қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шыққан «Hyundai Mufasa» автокөлігінің жүргізушісі ұсталды.
Полиция қызметкерлері барлық тасымалдаушыларды заң талаптарын қатаң сақтауға және жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады.
«Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдық тәртіп пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып табылады. Ол заң бұзушылық үшін жауапкершіліктің бұлтартпайтынын көрсетіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.