Тең мүмкіндіктер: Павлодарда "ерекше" балалар спорт әлемін қалай ашады?

Тең мүмкіндіктер: Павлодарда "ерекше" балалар спорт әлемін қалай ашады?
Фото: Галина Алексеенко

Әлеуметтік жоба бес жыл жүзеге асырылып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Саламатты болашақ» бастамасы аясында мүмкіндігі шектеулі балалар алты спорттық секцияда шұғылданады: жүзу, футбол, пионербол, таэквондо, бочча және инклюзивті хореография. Спорт түрлері ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арнайы бейімделген. Бұл жаттығулар оңалту мақсатымен шектелмейді, сонымен қатар, спорттық өмірге толыққанды қатысу үшін ұйымдастырылады: тұрақты жаттығулар, жарыстар және жеке жетістіктерге жету.

Жобаны «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры жүзеге асырады, әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Samruk-Kazyna Trust» бас демеуші қызметін атқарады. Бұл іске 'ерекше' балалардың ата-аналары да білек сыбана кірісті. Солардың бірі – Галина Алексеенко. Оның баласы әлеуметтік бастаманың негізіне айналды.

Галина –  "ерекше" баланың анасы. Қазір 17 жастағы ұлы Степан бірнеше спорт түрімен белсенді айналысады. Басқа ата-аналарға көмектесу ниеті оны секциялар жұмысын ұйымдастыруға ынталандырды. Бүгінгі таңда ол Павлодар облысы бойынша жобаның үйлестірушісі атанды.

–  Степанға «аутизм» диагнозы 12 жыл бұрын қойылды. Ол кезде балалармен жұмыс істеуге ешқандай жағдай болмаған. Аутизм туралы ақпарат та өте аз еді. Барлығын өзіме іздеуге тура келді: ғаламтордан материалдар оқып, форумдарда ата-аналармен пікір алмастым. Степан есейе келе оның энергиясын дұрыс бағытқа жұмсау үшін арнайы жаттығулар қажет болды. Бір күні шетелдік мамандардың бейімделген спорт туралы мақаласына кездейсоқ тап болдым. Бұл мені қызықтырып, тақырыпты тереңірек зерттей бастадым. Ата-аналардың балалар жетістіктері туралы әңгімелерін оқып, бұл мәселені зерттей бастадым, – деп еске алады Галина. 

Бұл нәтижелер  павлодарлық аналарға балаларының оңалуына үміт сыйлады. Осылайша, өңірде бейімделген спортты дамыту идеясы дүниеге келді.

–  Сол сәтте көпшілік мұндай жауапкершілікті алуға және маңызды қадам жасауға қорықты. Бірақ, бізге сәттілік серік болды. Бастамамызға алғашқыларды бірі болып, астаналық «Тең мүмкіндіктер әлемі» қорының директоры Нұргүл Үлжекова қолдау көрсетті. «Саламатты болашақ» жобасы аясының кеңеюі Павлодардан басталды, –  дейді Галина.   

Жаттықтырушылардың еңбекақысын төлеуді өз мойнына алған қор мамандары мен жанашыр адамдардың арқасында мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастар бейімделген спортпен тегін айналысу мүмкіндігіне ие болды. Қазір жоба Қазақстанның 20 өңірін қамтиды. 

Павлодар облысында секциялар Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларында да жұмыс істейді. Онда балалар мен жасөспірімдер бочча, футбол, пионербол және инклюзивті хореографиямен айналысады.

Галина Алексеенко ерекше спортшыларды тәжірибелі, бейімделген дене шынықтыру саласында арнайы оқудан өткен мамандар жаттықтыратынын атап өтеді. Жаттықтырушылар үнемі біліктілігін арттырып отырады, ал олардың көпшілігі жобаның алғашқы күнінен бастап жұмыс істеп келеді.

–  Қазіргі таңда жоба аясында 129 бала мен жасөспірім спортпен айналысады. Олардың арасында сал ауруы, аутизм, Даун синдромы және басқа да диагноздар қойылған балалар бар. Біз әр жанды қабылдап, барынша көмектесуге тырысамыз, – дейді үйлестіруші. 

Секцияларға жазылу үшін Павлодар облысы бойынша жобаның үйлестірушісіне хабарласуға болады. Байланыс нөмірі Instagram-дағы ресми парақшада көрсетілген.

Бес жыл ішінде ерекше спортшылар жетістіктерге жетті. Ең маңыздысы – ағзаның оңалуы, әсіресе, зияткерлік бұзылыстары бар балалардың коммуникативтік дағдыларының дамуы. Олар командада жұмыс істеуді, бір-бірімен қарым-қатынас жасауды үйреніп, достар табады. 

Павлодарлық спортшылар қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарға тұрақты түрде қатысады. Ерекше спортшылар төрт жыл қатарынан Астанада өтетін «CHILDREN PARALYMPIC GAMES» инклюзивті фестивалінде жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Биыл олар фестивальден 56 медальмен оралды. Бұл – тек бір маусымдағы жеңістер.