Қазақстандықтардың басым бөлігі кітап оқиды

Қазақстандықтардың басым бөлігі кітап оқиды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Елде алғаш рет Ұлттық кітап күні атап өтіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. Мемлекет басшысының бастамасымен енгізілген бұл мереке 2025 жылдың сәуір айында алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Осыған орай 14-18 сәуір аралығында EGOV mobile платформасында республикалық сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде қазақстандықтардың басым бөлігі – 57,3 пайызы – кітапты тұрақты түрде оқитыны белгілі болды.

Сауалнамаға еліміздің барлық өңірінен 46 190 адам қатысқан. Олардың 50,7 пайызы – әйелдер, 49,3 пайызы – ерлер. Этностық құрам тұрғысынан 70 пайызы қазақтар, 18 пайызы орыстар, 12 пайызы өзге ұлт өкілдері. Жас ерекшелігі бойынша 30-45 жас аралығындағы азаматтар басым (50 пайыз), ал 18-29 жастағылар 21 пайызды құрады.

Сауалнама нәтижелері халықтың кітапқа деген қызығушылығы жоғары екенін көрсетті. Респонденттердің 31 пайызы жылына бірден үшке дейін кітап оқитынын айтса, 26,3 пайызы үш кітаптан артық оқитынын жеткізген. Әйелдердің 58,7 пайызы тұрақты оқырман екенін көрсетсе, ерлер арасында бұл көрсеткіш 55 пайызға тең.

Жастар мен аға буын – яғни 18-29 жас және 61 жастан асқандар – кітап оқуға көбірек бейім. Ал белсенді жұмыс жасындағы топ – 30 бен 45 жас аралығындағы азаматтар – салыстырмалы түрде сирек оқиды. Дегенмен, қатысушылардың үштен бірі, яғни 30,6 пайызы, уақыттың жетіспеушілігінен мүлдем кітап оқымайтынын мойындаған. Ал небәрі 6,2 пайызы ғана кітапқа мүлдем қызықпайтынын атап өтті.

Қатысушылардың сүйікті жанрлары арасында тарихи кітаптар мен публицистика көш бастап тұр. Респонденттердің 26,4 пайызы осы бағытты таңдаған. Одан кейін романдар, шытырман оқиғалар мен детективтер 16,3 пайыз көрсеткішке ие болды. Психология мен өзін-өзі дамыту кітаптары 15,4 пайыз, ғылыми және кәсіби әдебиет – 8,2 пайыз, ал классикалық әдебиет – 7,7 пайыз деңгейінде тұр. Жанр таңдауына қатысты да жынысқа байланысты ерекшеліктер бар: ер адамдар тарихи және ғылыми әдебиетке көбірек қызығушылық танытса, әйелдер көркем проза мен психологиялық бағыттағы еңбектерді артық көреді.

Оқу форматына келсек, қазақстандықтардың жартысынан көбі – 50,8 пайызы – кітапты қағаз форматында оқығанды жөн көреді. Смартфонды оқу құралы ретінде пайдаланатындар – 28 пайыз, планшет арқылы оқитындар – 5,3 пайыз, ал компьютер қолданатындар – 3,8 пайыз. Кітапты принтерден басып шығарып оқитындар үлесі 1,25 пайызды құрайды. Жас буын арасында электронды құрылғыларға бейімділік байқалса, 46 жастан асқандар мен аға буын өкілдері дәстүрлі қағаз кітаптарға басымдық береді.

Сауалнама барысында оқырмандар жиі оқитын әдеби шығармалар да аталды. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы мен Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» – ең танымал шығармалар қатарында. Сонымен қатар Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер», Радик Темірғалиевтің «Ақ орда» мен «Қазақ хандығының тарихы», Бауыржан Момышұлының еңбектері де кеңінен оқылады. Бұл тізім қазақстандықтардың ұлттық рухани мұраға деген тұрақты қызығушылығын және қазақ әдебиетінің бүгінгі қоғамда өзекті екенін айғақтайды.