Тоғызқұмалақ ойыны мектеп бағдарламасына енгізіледі
Қазақстанда дене шынықтыру мұғалімдеріне тоғызқұмалақ үйретіліп, мектеп бағдарламасына енгізуге дайындық жүруде. Бұл туралы Республикалық және Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тоғызқұмалақ – қазақ халқының әлемдік мәдени мұраға қосқан үлесінің жарқын үлгісі. Бүгінде Оқу-ағарту, Мәдениет және спорт министрліктері федерация қолдауымен барлық дене шынықтыру мұғалімдеріне тоғызқұмалақ үйретіліп, мектеп бағдарламасына енгізуге дайындық жүруде. Оған дейін барлық ЖОО-да жаттықтырушылар дайындайтын бағдарламаға да тоғызқұмалақ енгізілді. Отандық IT мамандарымыз «Android» пен «iOS» жүйелері үшін арнайы қосымшалар әзірледі», - деді Ә. Бәйменов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, әлемде зияткерлік ойындарды көп ойнайтын екі веб-сайт бар, олар – канадалық iggamecenter.com және польшалық playok.com.
Онда да тоғызқұмалақ ең көп ойналатын ойындар қатарына енген.
2006 жылдан бастап тоғызқұмалақ әлемдік зияткерлік ойындар олимпиадасы бағдарламасына енген. Ал 2008 жылы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерация құрылған.
Бүгінгі күнде тоғызқұмалақтан 6 әлем чемпионаты, 5 Азия чемпионаты және 4 Еуропа чемпионаты өткізілген.
«2020 жылы тоғызқұмалақ ойыны ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мұрасы қатарына енгізілді. Қазір Қазақстанда 200 мыңнан астам адам 3000 жаттықтырушылардың көмегімен тоғызқұмалақпен айналысады. Тоғызқұмалақпен 30-дан астам елде (Колумбия, Германия, Франция, Ұлыбритания, Чехия, Латвия, Литва, Бангладеш және т.б.) адамдар тұрақты түрде шұғылданады», - деді Ә. Бәйменов.
Айта кетейік, 21-24 қыркүйек күндері Алматы қаласында тұңғыш рет тоғызқұмалақтан оқушылар арасында әлем чемпионаты өтеді.
Жарысқа 20 елге жуық елдерден келген спортшылар қатысады.