Торайғыр ауылы Қазақстанның ТОП-5 үздік туристік ауылының қатарына енді

Торайғыр ауылы Қазақстанның ТОП-5 үздік туристік ауылының қатарына енді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл мәртебе «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ұйымдастырған жыл сайынғы «Үздік туристік ауыл» ұлттық байқауының қорытындысы бойынша берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аталған жоба еліміздегі тұрақты және экологиялық туризмді дамытуға, сондай-ақ табиғи, тарихи және мәдени мұрасы бай ауылдық елді мекендерді дәріптеуге бағытталған. Байқау нәтижесінде туристік әлеуеті жоғары, инфрақұрылымы дамыған және ұлттық құндылықтарды сақтап отырған үздік ауылдар анықталды.

Бүгінде Торайғыр ауылында 504 тұрғын тұрады. Жазғы туристік маусымда ауыл халқының басым бөлігі туризм саласында еңбек етіп, демалыс орындарында, сауда және қызмет көрсету нысандарында жұмыс істейді. Сонымен қатар көптеген тұрғындар үйлерін немесе бөлмелерін жалға беріп, киіз үйлер орнату арқылы туристерді қабылдап, қосымша табыс табады.

Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылы парк аумағына 177 490 турист келген. Ал 2026 жылдың бүгінгі күніне дейін келушілер саны 22 140 адамды құрады. Ұлттық паркке келген туристердің басым бөлігі Торайғыр ауылы мен оның маңындағы көрікті жерлерді тамашалайды.

– Туристердің ерекше қызығушылығын Торайғыр көлінің сұлу табиғаты мен ерекше ландшафы тудырады. Сонымен қатар, келушілер қазақтың көрнекті ақыны, ағартушысы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың кесенесіне барып, өңірдің тарихи-рухани мұрасымен танысады. Ауыл маңындағы Әулиебұлақ та жергілікті тұрғындар ерекше қастерлейтін киелі орындардың бірі саналады, – деді Баянауыл ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқар Мұқанов.

Торайғыр көлінің жағасында орналасқан этноауыл туристер арасында кеңінен танымал. Мұнда 40-50-ге жуық киіз үй тігіліп, қонақтарға қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі, ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрлері таныстырылады. Келушілер ұлттық тағамдардан дәм татып, ұлттық киімдер киіп, қазақы нақыштағы демалыстың ерекше атмосферасын сезіне алады.

Соңғы жылдары ауылдың туристік және әлеуметтік инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарды. Жоғары жылдамдықты 4G интернет желісі тартылып, жаңа демалыс орындары ашылды. Көшелер жарықтандырылып, балалар және спорт алаңдары салынды, жолдар жөнделіп, ауылды абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді.

Қазіргі уақытта Торайғыр көлінің жағалауында Evroyurta, Toraigyr.kz, «Торайғыр», «Тау самалы» және «Хитрый дом» секілді демалыс орындары қызмет көрсетеді. Бұл нысандар өңірге келетін қонақтардың жайлы демалуына мүмкіндік жасап отыр.

– Торайғыр ауылының Қазақстанның ТОП-5 үздік туристік ауылы қатарына енуі – барша баянауылдықтар үшін үлкен мақтаныш. Бұл жетістік - ауыл тұрғындарының қонақжайлығының, табиғи және мәдени мұраны сақтауға деген жауапкершілігінің және туризмді дамытуға бағытталған ортақ еңбектің жемісі. Алдағы уақытта да өңірдің туристік әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру және ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстар жалғасады, – деді Асқар Мұқанов.

Торайғыр ауылының бұл жетістігі Баянауыл өңірінің туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, ауылдық туризмді дамытудағы оң тәжірибенің жарқын үлгісіне айналып отыр. Табиғаты көркем Торайғыр көлі, Баянауыл ұлттық паркінің бірегей табиғаты және Сұлтанмахмұт Торайғыровтың тарихи мұрасы өңірдің басты бренді ретінде туристерді қызықтыруды жалғастыруда.