Торайғыров университетінде жаңа студенттік ректор сайланды

Торайғыров университетінде жаңа студенттік ректор сайланды
Фото: Торайғыров университетінің баспасөз қызметі

Биыл аталмыш лауазымға тоғыз өтінім түскен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодардағы Торайғыров университетінде студенттік ректор сайлауы өтіп, білім алушылардың жаңа өкілі анықталды. Дауыс беру қорытындысы бойынша бұл қызметке Computer Science факультетінің үшінші курс студенті Станислав Кириченко сайланды.

Сайлауға университет студенттері мен оқытушылары қатысты. Студенттік ректордың негізгі міндеті – білім алушылардың мүддесін білдіру, студенттік өзін-өзі басқаруды дамытуға ықпал ету және жастардың бастамаларына қолдау көрсету.

Сайлау бірнеше кезең бойынша ұйымдастырылды. 10-17 қыркүйек аралығында кандидаттардан өтінімдер қабылданып, үміткерлер тіркелді. Кейін 18-21 қыркүйек күндері олардың құжаттары тексеріліп, сайлауға қатысуға мүмкіндік алған кандидаттардың ресми тізімі бекітілді.

Биыл студенттік ректор лауазымына тоғыз өтінім түсті. Құжаттарды қарау нәтижесінде талаптарға сай келген жеті кандидат сайлаудың келесі кезеңіне өтті. Үміткерлер 22-25 қыркүйек аралығында студенттермен кездесіп, өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Олар университеттегі студенттік өмірді дамыту, білім алушылардың ұсыныстары мен мәселелерін шешу және жастар бастамаларын қолдау бағыттары бойынша жоспарларын ортаға салды. 

Сайлау нәтижесінде жеңіске жеткен Станислав Кириченко жаңа қызметтегі алғашқы қадамдарының бірі студенттермен тікелей кездесулер өткізу болатынын айтты.

– Ең алдымен студенттермен кездесуді жоспарлап отырмын. Жатақханалардағы студенттермен, студенттік ұйымдардың өкілдерімен кезек-кезек кездесіп, оларды қандай мәселелер мен сұрақтар толғандыратынын білгім келеді. Осыдан кейін жұмысымыздың негізгі бағытын айқындаймыз, – деді ол. 

Студенттік ректор сайлауына қатысу үшін кандидаттарға бірқатар талап қойылды. Үміткерлер бакалавриат бағдарламалары бойынша күндізгі бөлімде оқитын екінші-үшінші курс студенттері арасынан таңдалды. Сонымен қатар, олардың GPA көрсеткіші 3,0-ден төмен болмауы, академиялық қарызы мен тәртіптік жазасы болмауы және қоғамдық, ұйымдастырушылық немесе волонтерлік қызметте кемінде бір жылдық тәжірибесі болуы қажет.

Кандидаттар сайлауға қатысу барысында түйіндемесін, «Неліктен студенттік ректор дәл мен болуым керек?» тақырыбындағы мотивациялық хатын және студенттік өзін-өзі басқаруды дамытуға арналған сайлауалды бағдарламасын ұсынды.

Студенттік ректор университеттегі білім алушылар мен әкімшілік арасындағы байланысты қамтамасыз ететін өкіл ретінде студенттердің ұсыныстары мен бастамаларын жеткізуге атсалысады. Оның қызметі жастардың университет өміріне белсенді араласуына және студенттік өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған.