Цифрлық дәуір: Павлодарда орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жаңғыртылды
Енді тұрғындар үшін кітаптардың кеңейтілген қоры онлайн форматта да қолжетімді болмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Торайғыров көшесі, 44/1 мекенжайында орналасқан орталықтандырылған кітапханалар жүйесін ауқымды жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жоба кітапханаларды цифрландыру және оқырмандар үшін заманауи, қолайлы орта қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылды.
Жаңғырту аясында осы және Жаманбалинов атындағы орталық балалар кітапханасында RFID технологиясына негізделген заманауи жабдықтар орнатылды. Келесі жылдың қаңтар айында көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапханасы да жүйеге қосылады.

Екі кітапханада жабдықтарды құру жұмыстарымен айналысқан «Аскар Technology» ЖШС өкілі Александр Цойдың айтуынша, бұрын кітаптар штрихкод арқылы тіркелсе, енді олар RFID-белгілерімен жабдықталған. Бұл радиосигнал арқылы кітап пен оқырманды жылдам әрі дәл сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
– Тіркелген оқырман электронды оқырман билеті арқылы жүйеге кіріп, өзіне қажетті кітапты кітапханашының көмегінсіз ала алады. Бұл әсіресе келушілер көп болған кезде өте ыңғайлы, – дейді Александр Цой.
Кітапханаларда өзін-өзі қызмет көрсету терминалдары орнатылып, ұрлыққа қарсы жүйе іске қосылды. Егер кітап оқырманға тіркелмей сыртқа шығарылса, қауіпсіздік жүйесі автоматты түрде белгі береді. Осылайша кітап беру және қабылдау процестері толықтай автоматтандырылды.

Сонымен қатар, Павлодар қаласының кітапханалық жүйесі Алматы қаласының кітапхана жүйесімен интеграцияланды. Енді Павлодарда тіркелген оқырмандар Алматы қаласының кітапхана сайтына кіріп, электронды каталог пен цифрланған кітаптарды онлайн режимде оқи алады. Ол үшін тек тегі мен оқырман билетінің нөмірін енгізу жеткілікті.
Жаңа мүмкіндіктерді сыйлаған жоба ресейлік бағдарламалық өнім «Мегапро» кітапханалық жүйесі бойынша енгізілді. Басты сервер Торайғыров көшесіндегі орталық кітапханада орнатылған, ал қалған филиалдар веб-интерфейс арқылы қосылады, яғни қосымша бағдарламалар орнатуды қажет етпейді. Айта кетейік, аталған жүйе Алматы қаласында 30-ға жуық кітапхананы біріктіріп отыр.

Кітапхана кеңістігі де жаңаша форматта ұйымдастырылды. Балаларға арналған арнайы аймақтар жасалып, жайлы оқу залдары мен жұмсақ орындықтар қойылды. Орынды тиімді пайдалану үшін жылжымалы 16 стеллаж орнатылған. Әрқайсысы шамамен 2 мың кітапты сақтауға мүмкіндік береді. Орталық кітапхананың кітап қоры – 85 мың, ал бүкіл ОКЖ бойынша 270 мың кітапты құрайды.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жаңартылған жүйеде алғашқы оқырман ретінде тіркелу мүмкіндігіне ие болып. Кітапханашылар аймақ басшысына электронды оқырман билетін жасап берді. Облыс әкімі кітапханаларды заманауи талаптарға сай дамыту – «Кітап оқитын ұлт» қалыптастырудағы маңызды қадам екенін атап өтті және мемлекеттік тілдегі бизнес, қаржылық сауаттылық пен мотивациялық әдебиеттерді көбейту қажеттігін айтты.

Бүгінде кітапханаларда жылына 200-ге жуық мәдени-ағартушылық іс-шара өткізіледі. Олардың қатарында конференциялар, дөңгелек үстелдер, жастармен кездесулер бар. Сонымен қатар «Кешкі кітапхана», «Ашық аспан астындағы кітапхана», «Өлке мәдениеті және өнері» жобалары жүзеге асырылуда.
Мамандардың айтуынша, жабдықтарды орнату және жүйені толық іске қосу жұмыстары шамамен үш айға созылған. Құрылыс-монтаж жұмыстарына 329 млн теңге, ал үш кітапхананы толық цифрландыруға 549 млн теңге жұмсалған. Алдағы уақытта бұл жүйе Павлодар қаласындағы барлық кітапханаларға енгізіледі.
Жаңғыртылған кітапхана жүйесі қала тұрғындарына сапалы білім алуға, өзін-өзі дамытуға және мәдени демалысқа кең мүмкіндік бермек.