Успен ауданында 500 басқа арналған тауарлы сүт фермасы салынуда

Успен ауданында 500 басқа арналған тауарлы сүт фермасы салынуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ауданда алты инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Успен ауданының әкімі Нұрболат Мақашевтың мәлімдеуінше, ауыл шаруашылығы саласына 42 жұмыс орнын құрумен жалпы құны 11,6 млрд теңгеге алты  инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Оның ішінде екі жоба биылғы жылы қолға алынады.

– 553 гектар аумақта суармалы жер учаскесін салу жобасын «Галицкое» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Инвестиция көлемі 1,7 миллиард теңгені құрайды, – деді Нұрболат Мақашев. 

Сонымен қатар, «БИК» шаруа қожалығы 500 басқа арналған  тауарлы сүт фермасының құрылысын бастаған. Инвестиция көлемі – 3,1 миллиард теңге.  Құрылыс жұмыстары желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда. 

Ал келесі жылы Успен ауданында төрт жоба жоспарланған. 

– «Галицкое» компаниясы 7,5 мың тонналық картоп-көкөніс қоймасының құрылысын бастамақ. Инвестиция көлемі 1,3 миллиард теңгені құрайды, – деді аудан басшысы. – Сонымен қатар, аталмыш компания 452 гектар аумақта 2,2 миллиард теңгеге суармалы жер учаскесінің құрылысын жоспарлауда. 

Оған қоса, «БИК» шқ 240 га суармалы жер учаскесінің құрылысын,  «Анна» шаруа қожалығы 600 га алқапқа суармалы жер телімін салуды көздеп отыр. 

Айта кетерлігі, Успен ауданында 2024 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егілген алқабы 248,7 мың гектарды құрайды.  Бүгінгі күні 37,9 мың га егін орылған. Оның ішінде 37,6 мың га алқапта – дәнді дақылдар, 0,3 мың га алқапта – майлы дақылдар. 

Бұл ретте, өсімдік шаруашылығы өнімдерінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау тәртібіне сәйкес Успен ауданында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 378,8 млн теңге субсидиялануда, оның ішінде: тұқым шаруашылығына – 159,6 млн теңге, пестицидтерге – 200,3 млн теңге, минералды тыңайтқыштарға – 18,9 млн теңге.