Успен ауданында бақылаусыз жүрген мал үшін ауыл тұрғыны жазаланды
Бақылаусыз жүрген мал айып тұрағына айдалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 24 шілдеде сағат 19:00 шамасында Павлодар-Успен автожолында учаскелік полиция инспекторы бақылаусыз жайылып жүрген малды анықтады.
– Иесіз жайылып жүрген мал айып тұрағына алынды. Полицейлер сиырлардың иесін салынған таңба арқылы анықтады, ол Успен ауылының 48 жастағы тұрғыны болып шықты, – деді Успен аудандық полиция бөлімінің бастығы Асқар Аралбаев.
Ауыл тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК - нің 408-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Оған 3 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды
Айта кету керек, жыл басынан бері Павлодар облысында 720 мал иесі ауылшаруашылық жануарларын жаю ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды.