Успен ауданында жаңа тауарлы сүт фермасы мен көкөніс қоймасы салынады

Успен ауданында жаңа тауарлы сүт фермасы мен көкөніс қоймасы салынады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Осылайша жаңа жұмыс орындары ашылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Асайын Байханов Успен ауданының халқымен кездесу өткізіп, жыл барысында атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. 

–  Биыл ауданға бірнеше рет келдім. Маңызды нысандарды аралап, тиісті тапсырмаларды берген едім. Онымен қоса қыркүйек айында Успен ауданында Мемлекет басшысымен телекөпір өткізілген болатын, – деді облыс әкімі. 

Айта кетейік 2025 жылы аудан 90 жылдық мерейтойын атап өтті. 

–  Аймақ барлық макрокөрсеткіштер бойынша оң серпінге ие. Алайда, келесі жылы бұл жұмысты, әсіресе бөлшек сауда бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет, – деп атап өтті ол.

Ауыл шаруашылық саласының жалпы өнімі 28 миллиард теңгеден асты. Әсіресе өсімдік шаруашылығы 7,3 пайызға өсіп, көлемі 20,7 миллиард теңгені құрады. 

–  Сондай-ақ өндеу өнеркәсібінің өсу қарқыны қуантады. Бүгінде оның көлемі шамамен 1 миллиард теңгеге жетті. Жыл басынан бері аймақ, аудан экономикасына шамамен 13 миллиард теңге инвестиция тартылды, – деді аймақ басшысы.

Асайын Байхановтың сөзінше, келесі жылы бірқатар ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. «AGRO PVL» ЖШС-ның 500 гектар суару алқабын 1000 гектарға дейін кеңейту жоспары іске асады. Ал «БИК» ШҚ 500 басқа арналған тауарлы сүт фермасы және «Галицкое» ЖШС 7,5 мың тоннаға арналған көкөніс қоймасы салынады. Инвестициялық жобалар жаңа жұмыс орындарын ашады және жұмыссыздық деңгейін 4 пайыз деңгейінде ұстап тұруға көмектеседі. Аудан әкімдігі осы жобаларды іске асыруға барлық қолдауды көрсету қажет.