«Заң мен тәртіп»: Павлодардағы ойын-сауық орындары арасында антирейтинг жасалды

«Заң мен тәртіп»: Павлодардағы ойын-сауық орындары арасында антирейтинг жасалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Осылайша, келушілер арасында жанжал жиі тіркелетін барлар мен кафелер белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының полиция департаментінің тәртіп сақшылары «102» арнасы арқылы келіп түскен хабарламалар негізінде ойын-сауық және көңіл көтеру орындарындағы қауіпсіздік деңгейіне мониторинг жүргізіп, талдау жасады.

– Ағымдағы жылдың 9 айында полицияға әртүрлі сипаттағы 920 шақырту келіп түсті. Антирейтинг бойынша ең көп шақырту түскен ойын-сауық орындарының көшін «Громче» бары бастады. Оған 96 шақырту түскен. Одан кейін «ChechilPub» мейрамханасы – 55, «Hudson» кафесі – 46 және «Полянка» кафесіне 31 шақырту түсті, – дейді облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.

Жалпы, облыс бойынша ойын-сауық орындарының иелеріне құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы полиция тарапынан 55 нұсқама берілді.

Мұндай жағдайда «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдық тәртіп пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды элементі болып табылады. Ол заң бұзушылықтар үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етеді.