Заңсыз балық аулаған павлодарлық автокөлігінен айырылды
Өзіне әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Таңғы сапар павлодарлық балықшы үшін сәтсіз басталды. «Омбы— Майқапшағай» автожолымен ерте жолға шыққан 54 жастағы павлодарлықтың жоспары жүзеге аспады. Оның Lada 2121 жол талғамайтын көлігін полиция қызметкерлері тексеру үшін тоқтатты.
– Тексеру барысында көліктің жүксалғышынан жалпы салмағы 15 келі болатын табан балығы салынған бірнеше қап табылды. Көлікте балықпен бірге резеңке қайық пен балық аулайтын ау болған. Ер адамның балық аулауға және тұқымдас балықтарды тасымалдауға қатысты ешқандай рұқсат құжаты болмаған. Анықталғандай, балық аулау заң талаптарын өрескел бұза отырып жүргізілген. Балықшы полиция бөліміне жеткізіліп, оған қатысты балық аулау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды, – деді облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының командирі Әсет Рыспаев.
Ведомство өкілдері заңсыз ауланған балық пен құралдар тәркіленгенін, ал құқық бұзушының көлігі арнайы тұраққа қойылғанын атап өтті.
Тәртіп сақшылары өңір тұрғындарына балық аулау үшін тиісті рұқсат құжаттары болуын, ал белгіленбеген орындарда ау қолдануға заңмен қатаң тыйым салынғанын ескертеді.