Павлодарда ерекше көрме көрерменге жол тартады
Онда «АртБюро» бейнелеу өнері мектебінің оқушыларының жұмыстары ұсынылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Айна» галереясында «АртБюро» бейнелеу өнері мектебінің «Сызық. Түс. Жылқы» атты көрмесі көрермен назарына ұсынылмақ.
Бұл — жай ғана көрме емес. Бұл — сезімнің сызыққа, ойдың түске, ал қиялдың жылқы бейнесіне айналған сәті. Көрмеге алты жастан бастап ересек жасқа дейінгі авторлардың жұмыстары ұсынылады.
- Мұнда сурет әлеміне алғаш қадам басқан кішкентай суретшінің де, өмірлік тәжірибесін бояумен сөйлеткен ересек оқушының да шығармалары бар. Өнердің жас талғамайтынына тағы бәр дәлел осы көрме болса керек, - делінген хабарламада.
Айта кетелік, биыл «АртБюро» мектебінің құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде мектеп шәкірттері Жапония, Франция, Болгария, Ресей, Польша, Румыния, Беларусь, Иран, Сербия және басқа да елдерде өткен халықаралық байқауларда еліміздің мерейін үстем етіп келеді. Бұл — ұстаз бен шәкірт еңбегінің жемісі.
Көрмеге 37 автордың 49 жұмысы қойылады. 49 туынды — 49 мінез, 49 көзқарас — бір шығармашылық әлем.
«Сызық. Түс. Жылқы» — қозғалыстың, еркіндіктің және шабыттың символы. Сызық — бастау.Түс — тереңдік.Жылқы — рух.
Өнердің тынысын сезінгіңіз келсе, қиялдың қанатына ергіңіз келсе — «Айна» галереясына келіңіз. Сізді бояу сөйлейтін, сызық сыр шертетін ерекше әлем күтеді.
Көрменің ашылуы 10 наурыз күні сағат 15.00-де болады.