Жүз жылдық тәжірибе, жаңа жеңістер: Павлодар колледжі үздіктер қатарында

Жүз жылдық тәжірибе, жаңа жеңістер: Павлодар колледжі үздіктер қатарында
Фото: Б.Ахметов атындағы педагогикалық жоғары колледж

Колледждің білім беру бағдарламаларын педагогикалық университетпен синхрондау тәжірибесі жоғары бағаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Білім беру саласындағы мамандарды даярлаудағы жоғары деңгейін Б.Ахметов атындағы педагогикалық жоғары колледжі педагогикалық мамандықтар бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктердің республикалық кеңесінің қорытындысы бойынша тағы бір мәрте дәлелдеді.

– Соңғы үш жылдағы бітіруші топ студенттерінің педагогтардың білімін бағалау нәтижелерін талдау бойынша колледж республикадағы педагогикалық колледждер арасында көшбасшы болып табылады. 2023 жылы – үшінші, 2024 жылы – екінші, 2025 жылы – бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ педагогикалық құрамының сапасы (педагог-шебер, педагог-зерттеуші) бойынша да колледж республика колледждерінің арасында жетекші орынға ие, – деді колледждің баспасөз қызметі. Республикалық кеңесте Б.Ахметов атындағы педагогикалық жоғары колледжінің білім беру бағдарламаларын Ә.Марғұлан атындағы педагогикалық университетімен синхрондау тәжірибесі ерекше атап өтілді. Атап айтқанда, «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша – «Мектепке дейінгі тәрбие және оқытудың қолданбалы бакалавры», «Бастауыш білім беру педагогикасы және әдістемесі» мамандығы бойынша – «Бастауыш білім берудің қолданбалы бакалавры» біліктіліктері енгізілді.

Мекеме өкілдері атап өткендей, Б.Ахметов атындағы педагогикалық жоғары колледжі – республикадағы ең көне оқу орындарының бірі. Бір ғасырға жуық тарихында ол білім беру саласына кәсіби мамандар даярлайтын жетекші орталыққа айналды. Бүгінде колледж педагогикалық білім беру бойынша кәсіби даярлықтың негізгі орталығы саналады. Соңғы жылдары колледждің материалдық-техникалық жабдықталуы айтарлықтай артқан.

– Қазіргі таңда колледж болашақ педагогтарды бес сұранысқа ие мамандық және тоғыз біліктілік бойынша оқытады: «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Бастауыш білім беру педагогикасы және әдістемесі», «Негізгі орта білім беру тілі мен әдебиетін оқыту педагогикасы және әдістемесі», «Информатика», «Дене шынықтыру және спорт». Заманауи материалдық-техникалық база сапалы теориялық және практикалық дайындықты қамтамасыз етеді. Колледж базасында «Дана бала» мектепке дейінгі тәрбие бойынша ресурстық орталық, «Future» білім беру орталығы, SKILLSBOOST орталығы, BilimLand платформасы бар «BilimLAB» облыстық ресурстық орталығы жұмыс істейді, – делінген хабарламада.

Еуропалық білім беру қоры жүзеге асыратын «Орталық Азиядағы білікті жастар үшін диалог және іс-әрекеттер» (DARYA) халықаралық жобасы аясында Б.Ахметов атындағы педагогикалық жоғары колледжі SCAFFOLD карталарын білім беру процесіне тиімді енгізу бойынша пилоттық ұйым болып табылады. «DARYA SCAFFOLD» халықаралық конкурсында Орталық Азия елдерінің 80 педагогы арасынан колледждің төрт педагогы «Кәсіптік білім және оқыту» санаты бойынша жеңімпаз атанды. Олар SCAFFOLD құралының оқыту сапасын және білім алушылардың белсенділігін арттыруға нақты ресурс бола алатынын көрсетті.

– Колледж «Атамекен» оқу орталықтарының тізіліміне енгізілген. Бұл «Тәрбиеші көмекшісі» қысқа мерзімді курстарын өткізуге мүмкіндік берді. Оның тапсырыс берушісі – Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Павлодар облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығы» КММ. Тыңдаушыларға стипендия қарастырылған. Курстар аяқталғаннан кейін колледж «Тәрбиеші көмекшісі» біліктілігі бойынша кәсіптік дайындық туралы куәлік береді, бұл өз кезегінде мектепке дейінгі мекемелерге жұмысқа орналасуға жол ашады, – деп хабарлады мекеменің баспасөз орталығы.

Колледж студенттері «WorldSkills Kazakhstan» республикалық конкурсында бірнеше рет жеңімпаз атанған. Олар «Кіші сыныптарда оқыту» және «Мектепке дейінгі тәрбие» құзыреттері бойынша алтын, күміс және қола медальдарды иеленіп, кәсіби дайындықтың жоғары деңгейін көрсетті. Сонымен қатар жыл сайын Новосибирск облысында өтетін «Жас кәсіпқойлар» халықаралық чемпионатында да жүлделі орындарға ие болып келеді.

Студенттердің еріктілік қызметі де жоғары бағаланып отыр. Олар «Шапағат» медалі мен «Тәуелсіздік ұланы» төсбелгісімен марапатталған. Сондай-ақ «Қазақстанның 100 үздік студенті» республикалық конкурсында да жеңіс тұғырынан көрінді. Колледжде «СиЯНД», «Сұңқар», «Жан жылуы», «New Generation» еріктілер отрядтары белсенді жұмыс істейді. Педагогикалық еріктілік те ерекше дамуда – еріктілер қала мектептерінде қазақ және ағылшын тілдерінен сабақтар өткізеді.

Колледждің баспасөз қызметі бүгінгі таңда оқу орнының заманауи білім беру мекемесі ретінде өз позициясын нығайтып отырғанын атап өтті. Ұжым жаңа мамандықтарды ашу бойынша стратегиялық жұмысты жалғастырып, білім беру жүйесі үшін мамандарды одан да тиімді даярлауға күш салып келеді.