Жұмат Шаниннің өзі киген шапаны Павлодарға жеткізілді
Қазақ кәсіби театрының негізін қалаған көрнекті актер әрі режиссер Жұмат Шаниннің шапаны облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің алтын қорына тапсырылды. Құнды жәдігерді театр қайраткерінің немересі Болат Шанин салтанатты түрде табыстады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұлттық руханиятты сақтауда, оны кейінгі ұрпаққа қаз-қалпында жеткізуде облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің алатын орны ерекше. Құндылыққа толы қасиетті ордада өнер қайраткерлерінің жеке заттары жетерлік. Мәселен, Иса Байзақовтың домбырасы, Шәкен Аймановтың «Алдар көсе» фильмінде киген бөркі мен өмірінің соңғы кезеңінде үстінде болған тоны, Мұзафар Әлімбаевтың шапаны және Қалмұқан Исабаевтың әскери киімі Мәшһүр Жүсіптің суретке түсуіне себепші болған Аллажар Әбдіразақұлының шапаны алтын қорда сақтаулы. Бүгінде сол құнды мұралардың қатарын Жұмат Шаниннің шапаны толықтыруы тегін болмаса керек-ті.
Көпшілікті актердің түйе жүнінен тігілген шапанының музейге қалай берілгені қызықтыратыны сөзсіз. Музейдегілердің айтуынша, жуырда мәдени ошақ Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Баянтаудан Алатауға: рух сабақтастығы» атты ғылыми-мәдени конференция ұйымдастырған.
Бұл шара Ертіс-Баян өңірінен шыққан тарихи тұлғалардың ұрпақтарын бір ортаға жинап, рухани мұраны дәріптеуге арналған. Конференция аясында кітаптардың тұсаукесері өтіп, көрме ұйымдастырылған. Осы шарада Жұмат Шаниннің немересі Болат Шанин де болған. Атадан қалған асыл мұраны көзінің қарашығындай сақтаған Болат Шанин ұзақ ойланып, кейін музей қорына беруді жөн көрген.
– Бұл шапанды ұзақ уақыт өзімде сақтап, арасында киіп жүрдім. Кейде құшақтап, атамды еске алып, сағынышымды басатынмын. Тіпті, көзіме жас та келетін. Енді осы жәдігерді музейге тапсырғаныма қуаныштымын. Бұл – атамнан қалған асыл мұра. Енді оны ел-жұрт көрсін, тарихын білсін деп беріп отырмын, – дейді Болат Шанин.
Музей басшысының айтуынша, жәдігер жақсы сақталған. Шапанды Болат Шанин музейге тапсырар алдында тазалаған. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстарын қажет етпейді. Құнды жәдігерді Наурыз мерекесі қарсаңында көпшілікке таныстыру жоспарлануда.
Айта кетелік, музей қорында Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» кітабы және жұбайы Жанбике Шанинаның бояумен салған картинасы бар.
Жұмат Шанин – қазақ кәсіби театрының қалыптасуына зор үлес қосқан тұлға. Оның өнердегі мұрасы мен жеке заттарының музей қорына қосылуы кейінгі ұрпақ үшін тарихи әрі рухани маңызы бар құндылық болмақ.