Жұмыссыз және мамандығы жоқ: Павлодар облысында тегін оқыту енгізілмек
Олар кез келген мамандық бойынша колледж бен жоғары оқу орнында тегін кәсіби біліктілікті алатын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова мәлім етті.
– Биыл кәсіптік біліктілікті танудан өту үшін бір реттік ваучерлерді енгізу жоспарланған. Бұл – электрондық құжат. Ол жұмыссыз және білімі жоқ адамға кәсіби біліктілікті тегін алуға мүмкіндік береді. Яғни мансап орталығының жолдамасынсыз ваучер есебінен өз бетінше жұмысқа орналаса алады, – деді Альмира Дисюпова.
Оның сөзінше, жаңа шара жұмыссызға кәсіпті игеріп қана қоймай, оның шығындарын өтейді. Егер адам оқытудың әлеуметтік-гуманитарлық бағытын таңдаса, оған үш АЕК немесе 11 076 теңге, ал техникалық бағыт бойынша жеті АЕК немесе 25 844 теңге стипендия беріледі. Сондай-ақ, ауылдан Павлодарға сабаққа бару қажет болса, жол жүру ақысы қарастырылған. Алты АЕК немесе 22 152 теңге бөлінеді.
– Бір реттік ваучер алу үшін жұмыссыз азаматтар жеке кабинетінде ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында (career.enbek.kz) электронды цифрлы қолтаңбаның көмегімен қол қойылған өтініш береді, – деді Альмира Дисюпова.
Содан кейін олар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының тізілімінде тіркелген мамандықты, сондай-ақ колледжді немесе оқыту курстарын таңдайды. Оқыту мерзімі үш айдан бастап өтеді. Әзірге облыста 45 жұмыссызға ваучер беру жоспарлануда.