Жағажай, балкон, жабық пәтер: Павлодарлық құтқарушылар тұрғындарға көмек көрсетті
Өткен демалыс күндері төтеншеліктердің көмегіне жүгінгендер аз болмады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Демалыс күндері Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары өңірдің 9 тұрғынына көмек көрсетті.
8 тамыз күні сағат 16:00 шамасында «112» операторының пультіне Ертіс өзенінің қарама-қарсы жағалауындағы жағажайда әйел адамның жағдайы нашарлағаны туралы хабарлама келіп түсті. Құтқарушылар 54 жастағы қала тұрғынына алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оны катермен құтқару станциясына жеткізді және «103» жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды.
9 тамызда Екібастұз қаласында бала анасын көпқабатты үйдің бесінші қабатындағы балконға кездейсоқ қамап қойған. Құтқарушылар учаскелік инспектор мен баланың әкесінің қатысуымен альпинистік құрал-жабдықтарды пайдаланып, шатырдан түсіп, балкон есігін ашты. Әйел мен балаға медициналық көмек қажет болмаған.
Сол күні құтқарушылар есігін ашпай, қоңырауларға жауап бермеген 80 жастағы зейнеткер туралы хабарлама бойынша шақыртуға барды. Үш буынды сатының көмегімен олар екінші қабаттағы пәтерге терезе арқылы кірді. Ер адам еденде есін білген күйде табылып, «103» жедел жәрдем бригадасына тапсырылған.
Төтеншеліктер жаздың аптап ыстығында барлық қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.