Жалған хабар: Павлодарда күдікті 18 миллион теңгеден астам айыппұл төлеуі мүмкін
Ол немесе бес жылға дейінгі мерзімге қамауға алынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, терроризм актісі туралы жалған хабарлау фактісі бойынша тергеу басталды. Күдікті Павлодар қаласының уақытша тергеу изоляторына қамауға алынды.
– Жұмыс барысында ХҚКО ғимаратынан 130 адам эвакуацияланды. Жарылғыш құрылғы табылған жоқ,– дейді департаментте.
Тәртіп сақшылары дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін жауапкершілік туралы еске салады – 5000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.