Жалған цифрландыру: Павлодарлық прокурорлар қомақты қаражат жұмсау фактісін әшкереледі
Ақпараттық жүйелердің бірі жыл бойы жұмыс істемеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының прокуратурасымен Цифрлық технологиялар басқармасында бюджет қаражатының жұмсалуын тексеру барысында ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуі бойынша нақты көрсетілмеген қызметтер үшін актілерге қол қоюдан көрінген ысырап ету фактісі анықталды. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт шеңберінде өнім беруші ақпараттық жүйелердің бірінің жарамдылығын қамтамасыз етуге міндеттенді.
– 2022 жылдың желтоқсанынан бастап бүгінгі күнге дейін жүйе жұмыс істемегені анықталды. Бұл ретте тапсырыс беруші 95 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын төлегені айқындалды, – деді облыстық прокуратураның баспасөз қызметінде.
Биылғы жылдың 30 қарашасында облыс прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде мүлікті ұрлау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Бүгінде облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.