Жапқыш және қаптама: Павлодарда алғашқы көліктерге арналған ателье ашылды

Өңірімізде бұрын- соңды мұндай кәсіпорындар ашылмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екі апта бойы мекеме тестілік режимде жұмыс жасап жатыр. Қыркүйектен бастап олар ресми түрде жұмысын бастайды.
— Біз клиенттердің сұраныстарын, олардың тілек-талаптарын жақсы түсіндік, әсіресе аксессуарлар, жайлылық пен эстетика жағынан. Біз нарықта автомобильге арналған тоқыма өнімдеріне тұрақты сұраныс бар екенін түсініп, осы идеяны іс жүзінде жүзеге асыруға бел будық, — деді «ALFA Textile» ЖШС мекемесінің басшысы Қанат Қасенов.
Ұйымның басты ерекшелігі олар әрбір сатып алушыға жеке әдіс табады. Автокөліктің өзгешелігін сақтап отырып, қаптамалар мен төсеніштер тігеді.
Сонымен қатар, көліктерді физикалық және химиялық қатерлерден сақтау мақсатында арнайы жапқыш ойлап тапты. Мекеме басшысының сөзінше, бұл жүргізушілерге көліктерін алаңсыз қалдыруға мүмкіндік береді.
—Алдағы уақытта қатты жел соққанда немесе біреу ұрлап кетпес үшін арнайы бау қосатын боламыз. Осының арқасында көлік қорғанысын одан әрі қатайтамыз, — деді ұйым басшысы.
Жобаны ашу үшін кәсіпкер «Даму» қорына жүгінді. Қор жеке кәсіпкерге екі несие берді.
— 15 миллион теңгеге біз тігін жабдықтарын, материалдарды сатып алуға, үлгілерді дайындауға және цехті іске қосу үшін жұмсадық. Ал бес миллион теңгенің көмегімен айналым қаражатын толықтырдық, — деп пайымдады Қанат Қасенов.
Қазір ұйым үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта кәсіпкер жұмыскерлер қатарын көбейтуді мақсат етеді. Осы уақытқа дейін олар үш автокөлікке қаптамалар дайындап үлгерді.
—Әзірге біз өзімізді қатты жарнамалап жатқан жоқпыз. Қазір портфолиомызды жинап алған соң, әлеуметтік желілер арқылы маркетинг жұмыстарын жүргіземіз. Басты мақсатымыз – сатып алушының сеніміне кіру, — деді «ALFA Textile» директоры.
Бір автокөлікке қаптамаларды дайындау үшін орташа есеппен үш күн кетеді. Ал сомасы алпыс мың теңгеден басталады.
— Нақты бағалау қиын. Бәрі сатып алушының талғамына және көлігінің ерекшелігіне байланысты. Оған қоса жұмыс жасауда қандай материал қолданылатынын ескеру керек, — деп пайымдады мекеме басшысы.
Дайын өнімдер автосервистерде, дилерлік орталықтарда, қосалқы бөлшектер дүкенінде сатылатын болады.
— Болашақта өңірдегі барлық автокөлік орталықтарымен байланыс орнатқымыз келеді. Бұл бағытты дамытуды қолға алайық деп жатырмыз. Қазір бір автоцентрмен жұмыс жасаудамыз, — деді Қанат Қасенов.
Жоба импортты алмастыру, жергілікті брендті дамыту және өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі