Жасанды интеллект – Павлодар кітапханаларында
Облыстық кітапханада «AI бұрышы» ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана оқырмандарды жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерімен таныстыру үшін - «AI бұрышын» іске қосты.
- Жобаның негізгі мақсаты — халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, жасанды интеллект бойынша практикалық құзыреттерді қалыптастыру және заманауи технологияларды үйрену мен тәжірибе жасауға қолжетімді алаң құру. Бұл жерде келушілер нейрожелілердің қалай жұмыс істейтінін біліп, жасанды интеллектпен жұмыс істеудің бастапқы дағдыларын меңгере алады және оларды оқу барысында, кәсіби қызметте әрі күнделікті өмірде қолдана алады, - дейді кітапхананың баспасөз хатшысы Тілеуберді Сахаба.
«AI бұрышында» ChatGPT, Gemini, Grok және басқа да танымал ЖИ-қосымшалар орнатылған. Аталмыш аумаққа оқырмандарға ыңғайлы болу үшін 3 ноутбук қойылған. Қазіргі таңда пайдаланушылар санына немесе уақытқа қатысты қатаң шектеу қойылмаған. Кітапханаға келген кез келген оқырман бос орын болған жағдайда ноутбуктерді пайдаланып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін үйрене алады.

- Алдын ала жазылу міндетті емес. Оқырмандар кітапханаға келіп, сол жерде мамандардың көмегімен немесе өз бетінше жұмыс істей алады. Сонымен қатар, алдағы уақытта шеберлік сабақтары мен таныстырылымдар өткізу де жоспарлануда, - дейді ол.
«AI бұрышы» кітапхананың жұмыс уақытына сай қызмет көрсетеді. Яғни, оқырмандар кітапхана ашық болған уақытта осы кеңістіктің мүмкіндіктерін пайдалана алады. Атап айтқанда, мәтін жазу, ақпарат іздеу, аударма жасау, презентация дайындау, шығармашылық жобалармен жұмыс істеу сияқты мүмкіндіктер ұсынылады.
Заман талабын сай ашылған жаңа бұрыш – цифрлық сауаттылықты арттыруға, жастардың және барлық оқырмандардың заманауи технологияларға қызығушылығын оятуға бағытталған маңызды әрі пайдалы бастама.
Ашылу барысында қатысушылар үшін «Болашақ кітапханасы: кескін (сүрет) генерациялау», «Жасанды интеллект күнделікті өмірде: шығармашылық, идеялар, мәтіндер», «Жасанды интеллект – оқу мен жұмыстағы көмекші» атты шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
