Жасыл Павлодар: Табиғатқа қамқор жастар еңбек маусымын қорытындылады
Биыл жоба аясында шаһарда мыңға жуық оқушы жұмыспен қамтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалада республикалық «Жасыл ел» еңбек жасақтарының 21-маусымының жабылу салтанаты өтті. Биыл бұл экологиялық қозғалыс өзінің 20 жылдығын атап өтуде. Жиын барысында маусым бойы белсенді еңбек еткен үздік сарбаздар, командирлер мен экобелсенділер марапатталды.
«Үздік сарбаз» атағына Ертіс ауданы Қарақұдық жалпы орта мектебінің 11-сынып оқушысы, 17 жастағы Жансая Жұматай ие болды. Ол екі еңбек маусымында да экологиялық жасақтың құрамында жұмыс жасаған.
– Мен «Жасыл team» экологиялық жасағының сарбазы болдым. Қала көшеттеріне күтім жасап, гүлзарларды абаттандыруға атсалыстым. «Жасыл елде» жұмыс істегеніме өкінбеймін, өйткені бұл жерде табиғатты аялауды үйрендік, достар таптық және өз еңбегімізбен табыс табуға мүмкіндік алдық, – деді жас сарбаз.
Оның айтуынша, қозғалыс туралы ол Instagram парақшадан біліп, қызығушылықпен қосылған. Бастапқыда еріктілік бағытына қосылғысы келген, бірақ экологиялық бағытты таңдады.
Облыстық «Жасыл ел» штабының жетекшісі Русана Сулаймонованың айтуынша, биыл өңірде екі мыңға жуық, қалада мыңға жуық жас жұмыс істеді. Жасақтар үш бағыт бойынша еңбек етті: экологиялық, құрылыс және волонтерлік. Экологиялық жасақтар көшеттер отырғызу, топырақты қопсыту, гүлзарларды күту жұмыстарын атқарған.
– Бұл жоба – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Олар тек еңбек етіп қана қоймай, жаңа таныстар табады, жауапкершілікті үйренеді. Көптеген жастар маусым соңында өздерінің жаңа қабілеттерін ашып жатады. Сонымен қатар, жыл сайын «Таза Қазақстан» акциясын қолдап келеміз. Бұл – тек таза аула емес, таза ой мен таза сана идеологиясы. Жастардың осындай іске белсене араласуы – еліміздің экологиялық мәдениетінің дамуына үлкен үлес, – деді ол.
Орташа жалақы экологиялық бағытта – 70 мың теңге, құрылыс жасағында – 120 мың теңге шамасында болған.
Салтанатты жиында қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айнагүл Сәрсенбаева жастарға ризашылығын білдірді.
– Біздің қоғамда «Таза Қазақстан» идеологиясы берік орнығып келеді. Президентіміз айтқандай, «Таза Қазақстан» – ол тек таза аула емес, ол ең алдымен таза сана, таза ой. Павлодар жастары осы құндылықтарды іс жүзінде көрсетіп отыр. Сіздерге шын жүректен алғыс айтамын, – деді Айнагүл Сәрсенбаева.
Жабылу салтанатында «Үздік сарбаз», «Үздік командир», «Үздік эко-волонтер» және «Үздік еңбек жасағы» номинациялары бойынша марапаттар табысталды. Қатысушыларға арнайы алғыс хаттар мен отыз мың теңге көлеміндегі сертификаттар табысталды.
Жастардың экологиялық жауапкершілігі мен отансүйгіштігін қалыптастыратын бұл жоба алдағы маусымда да өз жалғасын табады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram