Жасырын қару: Аққулы өнерпаздары жұртшылықты таң-тамаша етті
Облыстық «Өнер додасы» байқауының финалдық кезеңі өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Дүбірлі дода облыстағы барша өнерлі ұжымдардың арасында ұйымдастырылды. Бастапқыда 14 ұжымнан іріктеліп, ақтық мәреде Аққулы мен Успен аудандары кездесті. Әсіресе, қарбыз өлкесінен келген өнерпаздардың сахна төріне сән-салтанатпен шығуы көрермен қауымды бей-жай қалдырмады. Түр-тұлғасы келіскен батырлар жеті қазынаға айналған тазы мен қанатын қомдаған бүркітті алып шықты.
– Біз әр кезең сайын көрермен мен қазылар алқасын жаңашылдықтармен таңқалдырып келдік. Яғни, авторлық әндерді түрлі аспаптардың сүйемелдеуімен орындадық. Бұл жолы да құр алақан келген жоқпыз. Аққулылықтардың әнұранына айналған, Нұрлыбек Қайдаров ағамыздың сөзіне жазылған «Аққулы вальсі» әнін орындамақпыз, – дейді Аққулы ауданы мәдениет үйінің басшысы Самат Момынжанов.
Жаңашылдықпен таңқалдырудан шаршамаған Аққулы ауданының өнерпаздары көрермендерге тағы бір тосын сый дайындаған.
– Осы жолы тағы бір ерекше аспап ала келдік. Бұл – көне адырна аспабы. Бұл аспап көп жерде ойналмайды, себебі, өте сирек кездесетін аспаптың түрі. Финалдық кезеңге деген жасырын қаруымыз – осы, – дейді мәдениет үйінің басшысы.
Еске сала кетейік, аймақта «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-сауық орталығының 20 жылдық мерейтойына орай жаңа жоба бастау алған болатын. «Өнер додасы» – қазақтың ұлттық өнерін серік еткен, өресі биік, өрісі кең өнерпаздар бәсекесі.