Жаңа оқу жылы: Павлодар облысында үш мектептің жағдайы алаңдаушылық тудыруда
Облыс әкімі Асайын Байханов нысандардағы жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жыл басынан бері 33 мектепте күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина мәлімдеді.
– Қазіргі уақытта бес мектепте жөндеу жұмыстарды толығымен аяқтадық. Жаңа оқу жылының басында 28 мектепте жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда, келісімшарт негізінде негізгі бөлімі 31 тамызға дейін тапсырылуы керек. Алайда кейбір мектептердің алаңдары, қоршаулары, яғни оқу үрдісіне әсер етпейтін нысандарында жұмыс толық аяқталмай қалуы ықтимал, – деді Самал Айтқазина.
Аймақ басшысы білім беру басшысынан Шарбақты ауданындағы екі мектеп пен Павлодар қаласында № 5 мектепте жүргізіліп жатқан жұмыстардың ретін сұрады.
– Хмельницкий орта мектебі мен Жаңауыл орта мектептерінде бүгінгі таңда жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Мердігер тарапынан жұмыскерлер санын көбейтті. Екінші қабат толық аяқталуға жақын. Бірінші қабатқа толық электр жүйесін құрып, кафель төсеп, жұмыстарды ретке келтіруде, – деді Самал Айтқазина.– Хмельницкий мектебінде бір-ақ мәселе туындауы мүмкін – даладағы спорт алаңдары уақытылы 1 қыркүйекке дейін тапсырмауы мүмкін. Жаңауыл мектебінде күрделі жұмыстар уақытылы аяқталады.
Оның сөзінше, №5 мектепте жұмыстар кестеге сәйкес жүруде. Мердігер барлық жұмыстарды 1 қыркүйекке дейін уақытылы аяқтайтын болады.
– Жоспарланған мектептердің күрделі жөндеуін жаздың басынан бастап толық бақылауда ұстау керек еді. Бұл жерде ең бастысы – мектептерде оқу жылы басталғанда балалардың оқу процесіне кедергі болмайтындай жағдай жасау, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Аймақ басшысы білім беру нысандардағы күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын 25 тамызға дейін аяқтауды тапсырды.