Жедел жәрдем жұмысына кедергі жасаған Павлодар облысының тұрғыны жауапқа тартылды
Оның бұл әрекеті бейнежетонға жазылып қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл аудандық соты 103 қызметінің қызметкеріне тіл тигізіп, оның кәсіби қызметіне кедергі келтірген әйелді әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Сотқа дейін жеткен оқиға 5 қыркүйекте Майқайың кентінде орын алған. Жедел жәрдем бригадасы бойжеткеннің денсаулығы нашарлағаны туралы шақыру бойынша үйлердің біріне жеткен. Оқиға орнында дәрігерлер пациентке не болғанын анықтап, көмек көрсетуге тырысқан.
— Осы уақыттың ішінде 103 қызметінің фельдшерін балағаттап, тіпті оның жұмысына кедергі жасамақ болған әйел жанында болған. Мұның бәрі Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясының өкілдері бір жылдан астам уақыт бойы әрбір шақыру кезінде пайдаланып жүрген бейнежетонға түсірілген. Бұл жазба сот барысында құқық бұзушылықтың негізгі дәлеліне айналды, - делінген хабарламада.
Сот өкілдері әйелді әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 80-1-бабының 2-бөлігі («Медицина және фармацевтика қызметкерлерін өз лауазымдық міндеттерін орындау кезінде балағаттап, құрметтемеушілік таныту») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Жаза ретінде бірінші сатыдағы сот оған 30 АЕК (129 750 теңге) мөлшерінде айыппұл салды.
Сот шешімі 17 қыркүйекте шығарылды әлі заңды күшіне енген жоқ.