Железин аграрлық колледжіне қолдау көрсетілді

Колледж агроном мамандығы бойынша лицензия алуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында Павлодар облысының бірқатар қоғамдық және саяси қайраткерлері «Железин аграрлық-техникалық колледжі» КМҚК-не арнайы барды. Сапарға облыстық мәслихат депутаттары, Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Динара Айтжанова, «Ауыл» партиясының өкілдері, оның ішінде мәслихаттың аграрлық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Болат Аманжолов және «Еңбек» депутаттық тобының мүшесі Саят Елгонденов қатысты.
– Қонақтар колледждің материалдық-техникалық базасымен танысып, оқу ғимараттары, шеберханалар, зертханалар, кітапхана, асхана, медициналық пункт және жатақхана жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда білім ордасында 143 студент оқып жатыр, оның 46-сы жатақханада тұрады. Колледжде дәнекерлеу ісі, аспаз, ауыл шаруашылығын механикаландыру, есеп және аудит сияқты сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадрлар даярланады. Барлық студенттер стипендиямен қамтылған және өндірістік тәжірибеден өтеді. Көпшілігі оқуын аяқтағаннан кейін өз мамандығы бойынша табысты жұмысқа орналасуда, – деді облыстық кәсіподақ орталығының баспасөз қызметі.
Колледж жаңа бағыттарды дамытуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығына аса қажет «Агроном» мамандығы бойынша лицензия алуға ниетті.
– Сапар барысында ерекше назар білім беру сапасына және жастарға үлгі болып жүрген ұстаздарға аударылды. Мысалы, тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Жұлдыз Әбілқасова мен арнайы пәндер оқытушысы әрі әдіскер Денис Анциферов екі жоғары білімі бар, педагогикалық тәжірибелері сәйкесінше 10 және 13 жыл. Олардың кәсіби шеберлігі мен өз істеріне адалдығы ауылдық білімнің маңызын айқындайды, – делінген хабарламада.
Кездесу ауыл жастарының еңбекке деген қызығушылығы артып келе жатқанын және кәсіптік білім беру – өңірдің тұрақты болашағы үшін маңызды бағыт екенін көрсетті. Депутаттар колледж ұжымының ұсыныстарын назарға алып, жаңа мамандық бойынша лицензия алу мен өндірістік тәжірибені жетілдіру ісінде қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.