Железин ауданында ірі көлемде қаржы жымқыру ісі қаралды

Екі адам бас бостандығынан айырылып, өзгелеріне шектеу жазасы тағайындалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудандық сот халықты жұмыспен қамту орталығының бұрынғы директоры мен оның бірнеше әріптесіне және сыбайластарына қатысты қылмыстық істі қарады.
– Олар 2021 жылдан 2024 жылға дейін жалған құжаттар жасап, жалақы, жәрдемақы және қоныс аударушыларға төлемдер арқылы жалпы сомасы 110 миллион теңгеден астам қаражатты талан-таражға салған. Сот айыпталушылардың кінәсін куәлар мен жәбірленушілердің айғақтары, сондай-ақ іс материалдары арқылы дәлелденгенін мәлімдеді, – деді Железин аудандық сотының баспасөз қызметі.
Сот шешімімен орталықтың экс-директоры Т. жеті жылға, қызметкер А. үш жылға бас бостандығынан айырылды. Олар мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Қалған сотталушылар өз кінәсін мойындап, залалды өтегендіктен, 2 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығын шектеу және мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы тағайындалды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.