Железин ауданында міндеттерін орындамаған ата-ана жазаланды
Олар ішімдікке салынып, бала тәрбиесіне көз жұмған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдегі ювеналды полиция қызметкерлері бақылаудағы отбасыларды тексеруді күшейтті. Басты назар көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мен ішкі істер органдарында есепте тұрған балалардың ата-аналарына аударылады.
– Біз берекесіз отбасыларды анықтау үшін рейдтер жүргізіп, есепте тұрған отбасыларды тексереміз. Олардың тұру жағдайларын тексеріп, құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы профилактикалық әңгімелер өткіземіз, заңнаманы түсіндіреміз. Сондай-ақ, өртке қарсы қауіпсіздік ережелері туралы да айтылады, – деді ювеналды полицияның ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибігүл Қамзина.
Кәмелетке толмағандардың құқықтары, тәрбиелеу және қорғау жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін 425 ата-ана жазаланды.
– Мәселен, Железин ауданында ата-анасы үйінде бейтаныс адамдарды жинап, ішімдік ішетін, үйі антисанитарлық жағдайда, балаларын тәрбиелемейтін, жұмыс істемейтін отбасы анықталды. Бұл отбасына облыстық кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясы барды. Отбасы профилактикалық бақылауға және отбасындағы мәселелерді түзетуге есепке алынды. Ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін ата-аналарға қатысты әкімшілік іс қозғалды, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, көршілермен, туыстармен әңгімелесу жүргізіліп, отбасының тұрмыстық жағдайы туралы хаттама толтырылды. Ата-аналарға балаларын күтіп-бағу және тәрбиелеу бойынша өз міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершіліктері туралы түсініктемелер берілді. Балаларды емдеу, жұмысқа орналастыру, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына орналастыру бойынша құқықтық кеңестер беріліп, түсіндірмелер берілді.
Тәртіп сақшысы жасөспірімдердің бос уақыты көп болатын жаз мезгілінде тәртіп сақшылары жастар көп жиналатын орындарда рейд жүргізетінін атап өтті. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үйлерінен тыс және ойын-сауық мекемелерінде болғаны үшін 1489 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полицейлер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес балалар мен жасөспірімдер ойын-сауық орындарына сағат 22:00-ге дейін, осы уақыттан кейін ата-анасының еріп жүруімен ғана бара алатынын еске салады. Бұл қоғамдық орындарға да қатысты, сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдерсіз келуге тыйым салынады.