Железин ауданының диқаншылары күнбағыс егуге бет бұрды
Ауданда егін жинау науқаны толығымен аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жалпы астық жинау 164,1 мың тоннаны құрады. Орташа өнімділік гектарына 12 центнерді құрап отыр. Бұл туралы Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимов мәлім етті.
– Ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау алаңы 204,9 мың га құрады, оның ішінде дәнді дақылдар – 136,5 мың гектар, ал майлы дақылдар – 41,4 мың гектар. Өткен жылмен салыстырғанда бидай өнімдері 2,5 есеге артық болып отыр. Ал күнбағыс бойынша 7 мың гектарға артық егілді, – деді Айтуған Шайхимов.
Оның сөзінше, былтыр қуаңшылық салдарынан егін шығымы нашар болды.
– Қуаңшылықтан тәжірибе алған шаруаларымыздың көбі күнбағыс егуге бет бұрды. Себебі, күнбағыс өткен жылғы қуаңшылыққа төтеп берді. Күнбағыстың тамыры тереңге кетеді де, суды тереңнен алады. Енді бидайға қарағанда оның бағасы да жақсы, – деп атап өтті аудан әкімі.
Айтуған Шайхимов биыл шаруалар майлы дақылдарға басымдық бергенін айтады.
– Бұдан бөлек, қарақұмық пен зығырға көшіп, көп ектік. Осы өнімдерінің көлемі ұлғайып жатыр, – деді Айтуған Шайхимов.
2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша өсімдік шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 17 млрд 776 миллион теңгені құрады. Ал көкөністің алымы 3 мың тонна, картоптың алымы 61,2 мың тоннаны құрады. Картоп пен көкөніс дақылдарын сақтау үшін жалпы сыйымдылығы 52 мың тонна болатын 11 көкөніс қоймасы бар. Жедел деректер бойынша 44 мың тонна картоп пен көкөніс салынды.
Мал қыстауын сәтті өткізу үшін 106,3 мың тонна дайындалды. Бұл жем мөлшері 2024-2025 жылдардағы малдың қыстауын сәтті өткізу үшін жеткілікті болып отыр. Жеке аулалар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден, сондай-ақ жемшөп дайындаумен айналысатын жеке тұлғалардан сатып алу есебінен азықпен қамтамасыз етіледі. Бір орам шөптің құны 5 000 теңгеден 7 000 теңгеге дейін жетеді.