Жерді қайтару жұмыстары: Павлодар облысы жоспарды қалай орындауда?

Жерді қайтару жұмыстары: Павлодар облысы жоспарды қалай орындауда?
Фото: «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының баспасөз қызметі

Мәселе бойынша «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Партияның баспасөз қызметі мәлімдегендей, отырыс барысында комиссия мүшелері пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын қарады. Облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің дерегінше, жыл басынан бері 102,5 мың гектар жер қайтарылған. Бұл жылдық жоспардың 78,8 пайызын құрайды.

– Әсіресе Май, Ақтоғай, Успен және Шарбақты аудандары жақсы нәтиже көрсетіп, жоспарды 100 пайыздан асыра орындаған. Жалпы алғанда, жыл басынан бері 41 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жерін қамтыған 29 тексеріс жүргізілді. Отырыста «Жер аманаты» жобасының өңірлік комиссиясына жаңа төраға сайланды. Бұл лауазымға облыстық мәслихаттың депутаты Асылбек Туғанбай тағайындалды, – делінген хабарламада.

Комиссия жұмысын жалғастырып, пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.