Балабақшада жиі ауыру: Павлодарлық дәрігер иммунитетті күшейту бойынша кеңес берді

Балабақшада жиі ауыру: Павлодарлық дәрігер иммунитетті күшейту бойынша кеңес берді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Баланың иммунитеті бірден қалыптаспайды. Алғаш рет баласын балабақшаға апарған ата-аналар көбіне «балам жиі ауырып қалды» деп алаңдайды. Бұл неліктен болады, норма қайсы, қандай шаралар көмектесетінін @Pavlodarnews.kz тілшісіне «Almaz Medical Group» ЖШС педиатриялық бөлімінің меңгерушісі Әлия Муракаева айтып берді. 

Дәрігердің айтуынша, иммундық жүйе құрсақта дамуды бастайды. Дүниеге келген соң бала уақытша қорғанысты анасының сүті арқылы алады. Кейін иммунитет өздігінен қалыптаса бастайды: бала қоршаған ортамен араласады, вирустармен кездеседі, вакцинация алады.

Иммунитетті нығайтудың негізгі шарттарына дұрыс әрі нәрлі тамақтану, толыққанды ұйқы, шынығу, физикалық белсенділік, психоэмоционалды жайлылық жатады.

– Иммунитеттің белгілі жас ерекшеліктері бар. Балалар жиі ауыратын ең әлсіз кезеңдері: 3–6 ай, 3–5 жас, 10–13 жас және 17–19 жас. Әсіресе 3–5 жас аралығында бала қарқынды өсіп, иммунитет әлсірейді, дәл осы уақытта бала балабақшаға барады, – дейді Әлия Муракаева.

Сондай-ақ жаңа ортаға бейімделу – бұл күйзеліс, ол да ағзаның қорғаныс күшін төмендетеді.

– Әр бала балабақшаға өзінің вирустарымен келеді. Ұжымдағылар бір-бірімен инфекциялармен алмасады. Бала әрқайсысына қарсы антидене қалыптастырғанша, ауырып жүреді. Әдетте бейімделу мерзімі үш-алты айды құрайды, – деп түсіндірді педиатр.

Иммунитетті табиғи жолмен емдеу тәсілдеріне шынығу, дұрыс тамақтану, серуен, спорт және қозғалыс, дұрыс ұйқы, жеке гигиена жатады.

Дәрілік тәсілдеріне иммуномодуляторлар мен биологиялық белсенді қоспаларды жатқызамыз. 

– Дәрілер кейде тез әсер береді, бірақ олардың кемшіліктері бар: табиғи иммунитеттің дамуына кедергі келтіруі мүмкін және жанама әсер береді. Сондықтан да мен табиғи нығайтуды қолдаймын, – дейді дәрігер. 

Бұл ретте, ата-аналар дене қызуының көтерілуі, жөтел, тұмау, іштің өтуі, жиі зәр шығару, бөртпе, әлсіздік пен тәбеттің төмендеуі белгілерін байқаса, баланы үйде қалдырған жөн. 

– Әр ата-ана өз баласын жақсы біледі. Егер ол әдеттегіден әлсіз, ойнағысы келмесе, таңертең тұруға қиналса – міндетті түрде денсаулығын тексеру қажет, –  деп кеңес береді дәрігер.

Ақ халатты маман ата-аналардың жиі жіберетін қателіктеріне тоқталды. Мысалы бірден антибиотик беру, қызуды ерте түсіру. Вирустық инфекцияға антибиотик көмектеспейді. Ал 38,5 °С-қа дейінгі температурада ағза өзі вируспен күреседі.

– Балаларға кейде тәтті шырындар, газдалған сусындар беріледі. Шын мәнінде, қарапайым су мен тәтті емес компот ең пайдалы, –  дейді педиатр.

Бұрын бала жылына 4-6 рет ауырса «жиі ауырады» деп саналатын. Қазір ДДСҰ норманы өзгертті: егер бала айына бір рет ауырса – бұл қалыпты құбылыс.

Егер жиі ауырса, онда қосымша анемия бар-жоғын, созылмалы инфекция ошақтарын (кариес, аденоид, тонзиллит), аллергиялық бейімділікті анықтау сияқты тексеріс қажет. 

Әлия Муракаева ата-аналарға үйде ұйқы мен тамақтану тәртібін алдын ала қалыптастыру, баланы жуыну, киіну, әжетханаға баруын үйрету, әртүрлі тағамдарды, яғни ботқа, көкөніс, жеміс-жидек, сүт өнімдерін жегізіп үйретуге кеңестер береді.

– Балаға жаңа ортада бәрі жат болып көрінбеуі үшін үйде алдын ала дайындық жүргізілуі керек. Сонда бейімделу әлдеқайда жеңіл өтеді, – дейді маман.

Сонымен, балабақшаға барған балалардың жиі ауыруы – қалыпты кезең. Бұл иммунитеттің табиғи жолмен дамуы. Ата-ананың міндеті – дұрыс тамақтануды, режимді, тыныш үй атмосферасын қамтамасыз етіп, баланың толық сауығып барып баруын қадағалау.