Жиналыста WhatsApp арқылы балағаттаған: Ақсулық ата-ана айыппұл арқалады
Оның бұл ісіне қатысты материал сотта қаралған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қаладағы мектептердің бірінің екінші сынып оқушыларының ата-аналары WhatsApp әлеуметтік желісінде бейнеқоңырау арқылы мектеп жиналысын өткізген.
– Әңгіме барысында ата-аналардың бірі балағат сөздер айтқан. Ата-аналардың бірі оның бұл тәртібін ұнатпай, арыз жазған, – дейді Ақсу қаласы полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы Айдын Жүнісов.
Ұсақ бұзақылық фактісі – қоғамдық орында айналасындағыларға балағат сөздер айтып, әдепсіздік білдірген ер адамға қатысты әкімшілік материал толтырылды. Материал сотта қаралып, құқық бұзушыға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Айта кетейік, жыл басынан бері осындай фактілер бойынша Ақсу өңірінің 124 тұрғыны жауапкершілікке тартылды.