Жолдағы қараусыз мал: Павлодар облысында мал иелері жауапқа тартылды

Жолдағы қараусыз мал: Павлодар облысында мал иелері жауапқа тартылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жолда қараусыз жүрген жануарлар жүргізушілерге қауіп төндіріп, иелеріне айыппұл әкелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзғаны үшін 274 мал иесі жауапқа тартылды.

Өңір жолдарында қараусыз жүрген мал жиі кездеседі. Бұл жағдай жүргізушілерді қарсы қозғалыс жолағына шығуға мәжбүр етіп, жол ережелерін бұзуға итермелейді. Салдарынан жануарлар өліп, жүргізушілер мен жолаушылар жарақат алып, көліктер зақымданады.

–Полиция қызметкерлері малдың жолға шығуын болдырмау мақсатында халықпен тұрақты түрде профилактикалық әңгімелер жүргізіп, жануарларды қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді. Алайда, мал иелері өз міндеттерін орындамай, жануарларды қадағалаусыз жаюын тоқтатпай отыр. Полицияға Бірлік ауылының маңындағы Қалқаман – Керней автожолында жылқылар жайылып жүргені туралы хабарлама келіп түсті. Сондай-ақ, Қызылорда – Павлодар автожолында да малдың қараусыз жүргені туралы жүргізушілерден шағым түскен. Полицейлер мал иелерін анықтап, оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырып, айыппұл салды, деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Аймақ полицейлері мал иелеріне қараусыз жануарларды жолға шығармауға шақырады. Жүргізушілерге елді мекендердің жанында абай болуға және кез келген қауіпті жағдайға дайын болу үшін жылдамдық режимін сақтауға кеңес беріледі.