Жұлқынып тұрғандар жоқ: Павлодар облысында күзгі әскерге шақыру басталды

Жұлқынып тұрғандар жоқ: Павлодар облысында күзгі әскерге шақыру басталды
Фото: ӨКҚ

Биыл әскерден жалтарғысы келгендер анықталмады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, майор Бекзат Оразов мәлім етті. 

– Әскери борышын өтеу үшін 800-ге жуық сарбазды Қарулы Күштерге жібереміз деп жоспарлап жатырмыз. Қазір 90 шақты жігіт аттанды. Ал шекара қызметіне 120 жас сарбаз  қызмет атқаруға кетті,– деді Бекзат Оразов.

Оның сөзінше, 1 қыркүйектен бастап өңіріміздің жергілікті атқару органдарының шақыру пунктерінде  әкім орынбасарларының төрағалығымен қалалық және аудандық шақыру комиссияларының жұмысы басталды.

– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес кезекті мерзімді әскери қызметке еліміздің 18 - 27 жас аралығындағы, кейінге қалдыруға немесе босатуға негізі жоқ азаматтар шақырылуға жатады, – деді спикер. 

Бекзат Оразовтың айтуынша, әскерден жалтарған жастардың саны жоқтың қасы.

– Бүгінгі таңда ондай балалар жоқ. Ойланып келетін жастар бар. Былтыр күзде Баянауыл ауданында бір жағдай болды. Бірақ оған айыппұл салынбады, сот үкімі бойынша еңбекке тартылды, – деді департамент бастығы. – Бірақ әскерге барамын деп жұлқынып тұрғандар жоқ. Интернеттен әр нәрсені көріп алады да, солай болады деп күдіктенеді. 

Ол азаматтық борышын өтеуден қашу үшін түрлі қулықтар мен әдіс-тәсілдерді қолданатын азаматтар кездеспейтінін айтып өтті.  

– Ондай жағдайды біз көрген жоқпыз. Барлығы заңды түрде өтеді. Сондай-ақ адам әскер борышын өтеуге дайын болу керек. Әскерде жас сарбаздар үшін өзінің саптық тәртібі бар. Қателіктер жіберу мүмкін емес. Адам сол әскери тәртіппен жүреді, – деді ол. 

Әскери бөлімдер жас сарбаздарды қай өңір, қалаға бөлу керектігін өздері шешіп, әрі қарай Қорғаныс министрлігіне жібереді. Шақырылушыларға SMS-хабарлама жіберу арқылы, сонымен қатар жеке шақыру қағаздарын тұрғылықты мекенжайы немесе жұмыс орнына жіберу арқылы хабарландырылады.