Қазақстанда дәрігерлерге қол көтергендер 12 жылға дейін сотталуы мүмкін
Парламент Мәжілісі дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілеріне шабуыл жасағаны үшін жауапкершілікті қатаңдататын заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген бұл құжат медицина қызметкерлерін физикалық зорлық-зомбылық пен қатыгездіктен қорғауды көздейтін Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге өзгерістер енгізеді.
Жаңа заң жобасы аясында Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлерінің өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұққаны үшін жауапкершілік жүктейтін жеке бап енгізілді.
– Бұл нормалар қызметтік міндетін атқару үстінде жүрген дәрігерлерге де, жедел жәрдем бригадаларының жүргізушілеріне де қатысты болады. Енді күш қолдану қаупін төндіргені үшін айыппұлдан бастап екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал егер бұл әрекет денсаулыққа зиян келтіріп, қатыгездікпен жасалса, кінәлі адам 12 жылға дейін темір торға тоғытылуы мүмкін, – делінген хабарламада.
Заңның қатаңдатылуына елдегі медицина мамандарына жасалатын шабуылдардың жиілеп кеткені себеп болды. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2019 жылдан бері 280-нен астам осындай факт тіркелсе, биылдың өзінде 58 медицина қызметкері зардап шеккен. Қазіргі таңда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін еліміздегі 152 стационарда тәулік бойы жұмыс істейтін полиция бекеттері ашылды.
Технологиялық шешімдер де назардан тыс қалмады.
– Астана мен Алматы қалаларында жедел жәрдем бригадалары смарт-бейнежетондармен жабдықталғаннан кейін, пациенттермен жанжал деңгейі 90%-ға дейін төмендеген. Алдағы уақытта 2 мыңнан астам фельдшер бейнежетондармен қамтылып, медициналық ұйымдарда жасанды интеллекті бар бейнебақылау жүйелері мен «дабыл түймелері» орнатылатын болады, – деді министрліктің баспасөз қызметі.
Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарды дәрігерлердің еңбегін құрметтеуге шақырады. Олардың айтуынша, адам өміріне араша болатын мамандардың қауіпсіздігі – сапалы медициналық көмек алудың басты кепілі.