Ақсу оқушылары өздерін әскери рөлде сынап көрді

Ақсу оқушылары өздерін әскери рөлде сынап көрді
Фото: ұйымдастырушыдан

Іс-шара республикалық «Заң мен тәртіп» идеологиясы және «Құқық бұзушылықсыз мектеп» жобасы аясында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалқаман ауылындағы мектепте «Жас сарбаз» қалалық байқауы ұйымдастырылды. Жарысқа Ақсу қаласы мен ауылдық аймақтың 16 мектебінен 370 оқушы, педагог және ата-ана қатысты. Қонақтар қатарында қала әкімдігі, полиция, облыстық қорғаныс істері департаментінің өкілдері, сондай-ақ педагогика ардагерлері мен қоғам қайраткерлері болды.

Биылғы байқаудың ерекшелігі – барлық мектептердің бір алаңда бас қосуы. Бұған дейін жарыстар қала және ауыл мектептері арасында бөлек өткізілетін.

– Биыл біз барлық мектепті біріктіріп, ортақ жарыс өткіздік. Бұл қатысушыларға нағыз бәсекелестік рухты сезінуге және ұйымшылдықты арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, оқушылармен бірге әкелері де қатысты. Бұл отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайтады, – деді Ақсу қаласының білім бөлімі өкілдері.

Байқау үш кезеңнен тұрды: АК-74 автоматын бөлшектеу және жинау, нысанаға ату және кермеде тартылу. Қатысушылар төзімділік, дәлдік және командалық үйлесімділіктерін көрсетті.

– Мұндай сабақтар бізде аптасына бір рет өтеді. Біз автомат Калашниковпен жұмыс істеуді, оны бөлшектеу мен жинауды, сондай-ақ атуды үйренеміз. Мен мұндай байқауға алғаш рет қатысып отырмын, өте ұнады, – деді Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Дінислам Қанат.

№4 мектептің 11-сынып оқушысы Ярослав Желтов бұл жарысқа алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімінің шақыруымен қатысқан. Ол аптасына екі рет жаттығып, әсіресе атуға көп көңіл бөлген. Жасөспірім үшін бұл жақсы тәжірибе болды: ол өз күшін сынап қана қоймай, басқа мектеп оқушыларымен танысты.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Қ. Шүлембаев атындағы мектеп иеленді. Екінші орынды Абай атындағы мектеп пен №7 мектеп бөлісті. Үшінші орынға Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп, №4 мектеп және Юрий Гагарин атындағы мектеп ие болды. Барлық қатысушылар сертификаттармен, ал жеңімпаздар кубокпен марапатталды.