Қуаңшылықтан егістік алқабы жойылған өңірлер қатарында Павлодар облысы бар

Қуаңшылықтан егістік алқабы жойылған өңірлер қатарында Павлодар облысы бар
Фото ашық дереккөзден

Қуаңшылық салдарынан еліміздің 4 өңірінде 170 мың гектар егістік алқабы жойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді.

- Бүгінгі таңда облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының жедел ақпаратына сәйкес, дәнді дақылдар егіс көлемінің 46 пайызының жағдайы жақсы күйде болса, 45,3 пайызы қанағаттанарлық жағдайда, 7,6 пайызы нашар күйде. Бұл орайда дәнді дақылдар егіс алқаптарының нашар жағдайы Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында қалыптасқан. Мұнан бөлек, еліміздің кейбір аймақтарында болған қуаңшылық салдарынан Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында 170,9 мың гектар дәнді дақылдар егіс алқабы жойылды, - деп атап өтті министрлік.

Министрліктің атап өтуінше, көктемгі дала жұмыстарын оңтайлы мерзімде жүргізу үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Шаруалар барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз етілді. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу барысында қалыптасқан мәселелерді шешу үшін құрамына барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйым өкілдері, сондай-ақ облыстар әкімдерінің орынбасарлары енгізілген республикалық жедел штаб жұмыс жасады.

- Айта кететін жайт, еліміз егіншіліктің тәуекел аймағында орналасқан. Осыған орай келешек алынатын астықтың көлемі күзгі және қысқы ылғалдың жинақталуына, көктемгі және жазғы кезеңдегі жауын-шашынға және көктемгі дала жұмыстарының, егін жинау науқанының агротехникалық іс-шараларының уақтылы және сапалы өткізілуіне байланысты екенін атап өткен жөн. Мұнан бөлек, биыл жиналатын астықтың көлемі еліміздегі дәнді дақылдар егіс көлемінің 14,8 млн гектары немесе 84,4 пайызы орналасқан ірі астықты аймақтар Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарындағы астық түсімділігіне тікелей байланысты, - деді ведомстводан.

Көктемгі дала жұмыстарын сапалы және уақтылы өткізу мақсатында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының 4-АШ статистикалық есебіне сәйкес, 2023 жылы дәнді дақылдардың егіс көлемі 17,5 млн гектарды (2022 жылғы деңгейден 1,4 млн гектарға артық) құрады. Оның ішінде бидай дақылы 13,7 млн гектарға (2022 жылғы деңгейден 834,9 мың гектарға артық) себілді.