Үлкен жол үйіңнің табалдырығынан басталады
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Амантай Жарқынбек үгіт-насихат жұмысы аясында елдімекендерді аралауды Ақтоғай ауданына қарасты Қожамжар ауылынан бастады. Бұл - оның ер жетіп, есейіп, қанат қаққан ауылы.
Баршамыз үшін туған ауылымыздың әр тасы, шөбі қымбат, керек десеңіз, құмы да алтын. Амантай Жарқынбек үшін де өсіп, өнген мекені Қожамжардың парқы қашан да биік. Ауылына аяқ басқан ол балалық, жастық шағының қызықтары өткен көшелермен жүріп өтіп, мектепке аялдады. Бұдан бөлек, сабақ берген ұстазы, сынып жетекшісі болған Клара Татмурзинованың үйіне барып, өткен күндерді еске алды. Ардагер ұстаз шәкіртінің мектеп кезінде алғыр оқушы болғанын алға тартып, саяси бәйгеде жеңіске жететініне сенім білдірді. Аналық ақ тілегін айтты. Өз кезегінде Амантай Жарқынбек анасындай болған мұғаліміне шәкірттік алғысын білдірді.
Сондай-ақ, Мәжіліс депутаттығына кандидат ауыл ақсақалы Жақсыбек Алин бастаған ел ағаларымен де кездесті. Олар ауыл жағдайын ұмытпау керектігін атап өтті.
– Жарқынбек көз алдымызда өсті. Оқушы кезінен талапты, өнерлі еді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет қыла білетін азамат. Сондықтан одан зор үміт күтетін едік. Шүкір, үмітімізді ақтап келеді. Енді, алдыңда үлкен сын тұр. Бұл – жауапкершілік. Ең бастысы, ауылға көңіл бөлу керек. Биік мінберден ауылдың жайын айтуың тиіс. Білім саласына мән берілуі тиіс. Осының барлығын халықтың аманаты деп қабылда, – деді ақсақал.
Ауылға сапар көп балалы Займолда әулетінде жалғасты. Шаңырақ иесі Өкімбек Займолда тұрғындарды әлеуметтік қорғау саясатына назар аударуды сұрады.
– Оқып, білім алған ауылыма барып, жігерленіп қайттым. Ауылдықтардың айтқан тілек, кеңестерін қаперіме алдым. Бала күнімнің куәсі болып, үлкен додаға үмітпен қосқан Қожамжар халқына ерекше рахметімді жеткізгім келеді. Сенімдерін ақтауға бар күшімді саламын, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Амантай Жарқынбек.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Ж.Амантайдың сайлау қорының қаражатынан төленді.